Саясат

Ұлы дала тарихын ұлықтауды Ұлт көшбасшысы ұсынды

Ұлы дала тарихын ұлықтауды Ұлт көшбасшысы ұсынды

Халил Бейсеев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Жалпы, тарих тойын тойлау идеясы қашан және қалай туындады? Елдік тойдың маңызын жете түсіну үшін алдымен осы сауалға жауап іздеп көрелік. Ұлы даланы мекен еткен ұлттың тарихы тым тереңнен бастау алады. Бірақ, түрлі кезеңдерді бастан кешкен халқымыздың өткені бүгінге дейін дұрыс насихатталмай келді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында «Біз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай» деген сөзі – осыған дәлел. Иә, Ұлт Көшбасшысы айтқандай, біздің елдігіміздің арғы түбі әріден, ғұндардан басталады. Ғұндардан көк түріктерге, одан кейін қазақ хандығы кезеңіне жалғасады. Біз қазақ хандығы кезеңін дәріптеу арқылы осынау мол тарихымызды танытамыз. Сондықтан, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің тарихи мәні зор. Халқымыздың өркениеттегі орны мен мәдени ерекшелігінің деңгейі жоғары екенін әлемге паш етумен қатар, ұрпақ бойына өткенінің өнегесін сіңіреді деп ойлаймын. Сол үшін осындай ұлы іске бастамашы болған, елдігімізді айғақтап, жұртымызды одан әрі жұмылдыра түсетін идеяны алға тартқан Президентімізге зор алғыс білдіремін. Елбасы Н.Ә.Назарбаев дүбірлі тойдың Астанада бастау алған салтанатты жиынында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау жастардың бойында патриоттық мақтаныш сезім ұялататынын айтқан еді. Расында да бұл той ұрпағына ұлан-ғайыр кең даланы қалдырған бабалар ерлігі мен елдік қасиетімізді қастерлеп, тарихымызды танып білу мен өшкенімізді қайта жаңғыртуға үлкен жол ашпақ. Сол жиында Президент Қазақстанның «Ұлы Дала Елі» деп аталуы жөнінде де көпшілікке үлкен ой тастады. Мен бұл пікірді толық қостаймын. Себебі, сақ, ғұн, түркі қағанаты дәуірі, көк түрік кезінен бастап, кешегі жоңғар-қалмақ шапқыншылығынан аман өтіп, ұлтарақтай жерін жау табанына таптатпаған ата-бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр даланы бізге мұра ретінде қалдырды. Берідегі қазақ хандығы мен патшалық Ресей және кеңестік кезеңде де Ұлы дала мен ұрпақ қамы ұмыт қалған жоқ. Дүбірлі тойдың қазан айында тарихымыздың темір қазығы саналатын Тараз қаласында жалғасуында үлкен мән жатыр. Ендеше, бұл елдігімізді танытатын сәт. Тарихи оқиға. Нақтырақ айтсақ, хандар ту тіккен өлкеде өткеніміз қайта жаңғырмақ. Жалпы, бұл той елге тарихи тағылым беруден бөлек, барша қазақстандықты бір арнаға тоғыстырып, ұлт пен ұлыс татулығын нығайта түсетініне сенімім мол. Қазір Таразда тойға дайындық шаралары қызу жүруде. Жаңғыртылған көшелер мен құрылыс, жөндеу жұмыстары аяқталған түрлі ғимараттар көздің жауын алып, қаламыздың көркін аша түскен. Күн сайын мереке құрметіне ұлттық болмысымызды айшықтайтын әртүрлі шаралар өткізілуде. Соның бірінде, М.Үркімбаев атындағы жастар сарайында өткен «Қазақ хандығының тарихы: құрылуы, қалыптасуы және дамуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда өңір ақсақалдары көкейдегі сауалдарын жолдап, пікірлерін ортаға салды. Елдік тойдың дайындығына облыстық ардагерлер кеңесі де өзіндік үлес қосуда. Жалпы, облыста Тараз, Шу қалалық, 10 аудандық, 153 ауылдық округтік, 431 бастауыш ардагерлер ұйымы тұрақты жұмыс атқаруда. Ардагерлер кеңесі мен бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалығына ел арасында сыйлы, үлкен өмір мектебінен өткен, тәжірибелі, білікті, білімді, ел сөзін сөйлейтін беделді ақсақалдар сайланған. Бұны сөз етіп отырған себебім, ұлтты ұйыстырып, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, жастарға жол сілтеуде, ардагерлердің қосар үлесі айрықша. Біз Ұлт Көшбасшысының ерен еңбегін жастарға жете түсіндіруді мәртебе тұтамыз. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз өзіндік жаңа дербес даму жолына түсіп, бүгінде дүниежүзі танитын іргелі елге айналды. Қазақстан саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім арқасында әлемдегі мықты мемлекеттердің өзімен иық тіресе алар деңгейге жетті. Бұл – ауызбіршілігі мықты халқымыздың, пайым-парасаты биік Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің жемісі.