САЛЫҚТАН ЖАЛТАРУШЫЛАР ЖЕТЕРЛІК
САЛЫҚТАН ЖАЛТАРУШЫЛАР ЖЕТЕРЛІК
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік дамудың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарындағы индустрияландыру және экономикалық өсімді арттырудың негізгі тетіктері салық және кеден органдарына тиесілі. Бағдарламаның ішінде салық және кеден саясатына қатысты мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жататын тоғыз қадам белгіленген. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбеков облыстық және республикалық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, аталған бағдарлама шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, баспасөз конференциясын өткізді.
Өткен жылдың қараша айынан қайта құрылымданған департамент бір жыл ішінде біршама жұмыс атқарыпты. Жалпы, жоспар бойынша есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 40,9 миллиард теңге кеден және салық түсімдері түсу керек болса, ол артығымен 41,8 миллиард теңгеге орындалған. Ал жергілікті бюджетке 376,4 миллион теңге кем түскен. Оның себебін Асқар Станиславұлы ірі компаниялардың өңіріміздегі құрылыс жұмыстарының аяқталуымен байланыстырады. Олар жұмыстың аяқталуына қарай салық төлеуін де тоқтатқан. Солардың бірі – «Шымкент-Бейнеу-Бозой» газ құбырын жүргізуші мекеме. Бүгінде кеден және салық түсімдерінен өзге, экономикалық және қаржылық қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мен анықтау жұмысының маңыздылығы күн өткен сайын арта түсуде. Өйткені, мемлекет тарапынан берілетін қаржыны қолдана отырып, өз ісін өрге домалатып, алайда, соның қайтарымы бар екенін қаперінен шығарып алатын азаматтар баршылық. Былайша айтқанда, көлеңкелі кәсіпкерлікпен айналысып, салық төлемеудің түрлі тәсілдерін қолданып жүрген тұлғаларды анықтау жұмысы қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде 10000 айлық есептік көрсеткіштен аса көлемдегі салықты төлемей келген алты мекеме анықталып, істері сотқа жолданған. Олардың арасында мемлекеттік мекемелер де бар. Ал мұндай құйтырқы әрекетке барған нақты қай мекемелер екенін тек сот шешімі шыққаннан кейін ғана жарияланатынын айтады департамент басшысы. Журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берген Асқар Тынысбеков ақпарат құралдары өкілдерін алдағы уақытта бірлескен түрлі жобалар аясында жұмыс жасауға шақырды. Мысалы, салық төлеуден әдейі жалтарған тұлғалардың аты-жөнін көпшілікке жария ету, жалға берілетін пәтерлер мен такси қызметінде жүріп, алайда, мемлекетке еш салық төлемейтін азаматтарды, сол секілді, өз табыстарын жасырып келген таксопарк және шаруа қожалықтарын әшкере ету үшін рейдтер ұйымдастырсақ деген ұсыныстар айтылды. «Бүгінде мемлекетке тиесілі салық төлеуден жалтарып, түрлі тәсіл арқылы бюджет қаражатын арттыруға үлес қосқысы келмейтін азаматтар жетерлік. Ел экономикасын тіктеп, Елбасы тапсырмаларын тиянақты орындау үшін осындай тұлғалармен күресу әрбір азаматтың ел алдындағы парызы деп түсіну керек» - дейді ол.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».