Әдебиет

Тарихы терең Тараз

Тарихы терең Тараз

Қаламгер Дмитрий-Вайсбеккер-Ивановтың жаңа кітабында жан-жақты көрініс тапқан

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарыққа шыққан қаламгер Дмитрий-Вайсбеккер-Ивановтың «Сказание о Таразе» атты кітабының тұсауы кесілді. Қалалық Мәдениет үйінде өткен шарада кітаптың таныстырылымы өтіп, оқырманға жол тартты. Аты айтып тұрғандай жинақтағы шығармалар тарихы тереңнен тамыр тартатын Тараз қаласы хақында жан-жақты сыр шертеді. 

Автор Шыңғысхан, Темірлан, Әлімхан, Хорезмшах әскерлері мен өзге де жаулаушылардың шапқыншылығына тап болған тарихи қаланың өткені туралы негізгі тарауларда баяндайды. Кітап авторының шеберлігі және тіл көркемдігімен бірге шаһардың шежіресі, Қарахан мен Айша бибінің аңызға айналған әйгілі махаббат трагедиясын тарихи оқиғалар желісімен керемет ұштастырғанын айтып өту керек. Сондай-ақ, кітап көпшілікке онша танымал емес сарай ақыны Мейрам мен биші Арзудың аңызымен толыққан. «Тараз – көне әрі тарихи оқиғаларға бай қала ғана емес, сонымен қатар, көпұлтты жанына жақын тартатын шаһар. Бүгінде қазақ, орыс, өзбек, түрік, татар, еврей, украин, неміс, кәріс және тағы да басқа ұлт өкілдері қоныс тепкен тарихи аймақ. Тараз қаласы Керей мен Жәнібек сұлтандардың 550 жыл бұрын, яғни, 1465 жылы Шу мен Талас өзендерінің арасында Қазақ хандығын құрған облыстың орталығы болып есептеледі. Мен өз шығармаларыма осылардың бәрін арқау етуге тырыстым», – дейді қаламгер Д.А.Иванов. Иә, көзі қарақты оқырман кітаптағы поэмалар мен тарихи ескертпелерді лайықты бағалап қана қоймай, автордың тарихи кейіпкерлердің бейнесін қалыптастыруда сол уақыттың мәдениеті мен тұрмысына жіті мән беріп, шебер сәйкестікпен және үлкен жауапкершілікпен жасаған жұмысына оң баға берері сөзсіз.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».