- Advertisement -

Жұдырығы жойқын жампоз

65

- Advertisement -

Бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хуршедшох Искандаровқа ұстаздары  құрмет көрсетті

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында 80 келі салмақта тараздық Хуршедшох Искандаровтың жасындай жарқырағанын оқырманға сүйіншілегенбіз. Ол №13 Тараз темір жол колледжінің студенті. байрақты бәсекеде бағы жанып, ақтық сынға алқынбай шығып, күміспен күптелген оғланды колледж ұстаздары мен студенттері айрықша қуанышпен қарсы алып, ерекше құрметке бөледі.

Әлем чемпионатының жүлдесін қоржынға салып, ел мақтанышы атанған күрзі жұдырықты саңлаққа аталған колледж директоры Нұржан Нұралиев бастаған оқытушылар гүл шоқтарын ұсынып, игі тілектерін арнады. Х.Искандаров және оның бапкері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Басқосу барысында колледждегі спорт залының меңгерушісі Евгений Гостев осынау кішкентай дайындық залынан талай чемпиондар шығып жатқанын тілге тиек етсе, күміс жүлдегер боксшының жеке бапкері Абдувахап Абдумаджитов өз шәкіртінің нағыз жеңімпазға тән өнер көрсеткеніне, сенімді ақтағанына ризашылық білдірді. Хуршедшохтың салмағында 26 боксшы сынға түсті, жерлесіміз бұл чемпионатта төрт кездесу өткізді. Хуршедшохқа боксты қай жасында бастағаны, әлем чемпионатында қай қарсыластың қиын соққаны жөнінде сұрақтар қойылды. Тоғыз жасынан спортпен шұғылдана бастаған Х.Искандаров төрт жылдан бері бокспен тұрақты түрде айналысып келе жатқанын, әлем чемпионатында ең қиын қарсыласы жартылай финалда жолыққан спортшы болғанын, жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионы Аркадий Карцанды жақсы тәсілдер қолданғанының нәтижесінде сенімді ұтқанын айтып берді.
Сонымен қатар, колледж студенттері алдында спортшыға ізет көрсетілді. Салтанатты шарада колледж директоры Нұржан Нұралиев сөз сөйлеп, жеңімпаз шәкірттерімен бүкіл колледж оқытушылары мен студенттері мақтанатынын айтып, спортшыға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол Хуршедшох Искандаровқа оқытушылар атынан плазмалық теледидар сыйлады, иығына қазақтың шапанын жапты. Бұл жиында күміс жүлдегердің бапкерлері Евгений Константинович пен Абдувахап Абдумаджитов те марапаттан тыс қалған жоқ. Колледж оқытушылары мен білімгерлері алдында Хуршедшох Искандаров сөз сөйлеп, ұстаздарына және бапкерлеріне, барша жанкүйерлеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ, ол алдағы байрақты бәсекелерде де ел абыройын асқақтатуға күш салатынын жеткізді. Ол бұған дейін екі мәрте жасөспірімдер арасында Қазақстан республикасы біріншілігінің жеңімпазы атанған және биыл жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде күміс жүлдемен оралған.
Ресей жеріндегі жасөспірімдер арсындағы әлем чемпионатына облысымыздан үш боксшы қатысқан болатын. 66 келі салмақтағы Алдияр Тұрсынәлі мен 70 келідегі Дәулет Зәуішов ширек финалға дейін жеткен.
Жас боксшы Х.Искандаровтың бағын­дырар биігі әлі алда.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support