- Advertisement -

ынтымақ барда ырыздық бар

73

- Advertisement -

Елбасы Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы отырысына қатысты.
Шараға сондай-ақ Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің мүшелері, өңірлердің басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде В.Путинге шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтып, Қазақстан тарапы форумға зор мән беретінін атап өтті.
Елдеріміз арасындағы тауар айналымының негізгі көлемі өңірлер арқылы іске асырылады. Бұл дәстүрді әсіресе қазір, әлемдік дағдарыстың әсерін сезініп отырған кезде жалғастыру қажет. Шараның болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп, пайда әкелетін, гипержобаға айналған Сочиде өтуінің символдық нышаны бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ әлемдегі ең тұрақты валюта – азық-түлік екенін атай отырып, форум тақырыбының маңыздылығын айтты.
Қытай, Үндістан, Каспий маңы мен Орталық Азия елдерінің жиынтық импортының өзі ғана 170 миллиард АҚШ долларынан асады. Біздің елдеріміздің әлемдік азық-түлік нарығында жетекші рөлге ие болу үшін қажетті әлеуеті бар. Ресей қазірдің өзінде астық экспорты бойынша әлемде үшінші орын алады. Бүгінде біздің ел де осы нарықтың бір бөлігі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінде аграрлық саланың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанын да айтты.
Біздің елдерімізге сүт өндірісінің тек 6 пайызы, сиыр етінің 3 пайызы тиесілі. Еңбек өнімділігі Канада мен Қытайға қарағанда 8-10 есе төмен. Қазір жағымсыз экономикалық үрдістер елдеріміздің дамуына кері әсер етіп отыр. Сонымен бірге бұл жағдай өсімнің, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы өсімнің ішкі резервтерін ашуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті елдеріміздің аграршылары мен өңдеушілері арасындағы өндірістік кооперацияны кеңейту қажеттігіне назар аударды.
Бүгінде елдеріміз Еуразиялық экономикалық одақта болса да, аграрлықтардың жұмысы әрқилы екенін байқап отырмыз. Ресей 1,5 миллион тонна ет импорттайды, соның ішіндегі 600 мың тонна сиыр етін үшінші елдерден әкеледі. Қазақстан қазір осы нарықты игеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, өйткені бізде мал шаруашылығы саласында зор әлеует бар. Республикамыз қазір жылына 4 мың тонна сиыр етін өндіреді. Біз бұл көрсеткішті ұлғайтуға дайынбыз. Еліміздің оңтүстігінен жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін Ресей нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға қажетті айтарлықтай ресурс бар және біз Түркиядан, Польшадан, Қытайдан келетін импортты алмастыра аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір басымдық ретінде өнімнің құрамын нақты жазу бөлігіндегі жаңа стандарттар мен техникалық регламент талаптарын әзірлеу мәселесін айтты.
Қазақстан Ресей арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі құрылысын аяқтауға таяды. Осының арқасында біз азық-түлік жеткізу мөлшерін ұлғайту жөніндегі орталықтар құра алар едік. Бұл үшін Еуразия даму банкінің ресурстарын пайдалануға болады. Мәселен, банктің биыл қаржыландырылған 12 жобасының 10-ы ауыл шаруашылығына тиесілі болды, – деді Қазақстан Президенті.
Қазір ЕАЭО күрделі кезді бастан өткеруде, тауар айналымы 20-25 пайызға төмендеп кетті. Бірақ мәселе интеграцияға емес, сыртқы ықпалдарға, соның ішінде әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты болып отыр. Біз қиын кезеңді еңсеруге тиіспіз. Кез келген дағдарыстан соң өсім болады, сондықтан тың серпіліске дайындалуымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support