Байзақтың сексеуіл орманы жайқалып тұр
Байзақтың сексеуіл орманы жайқалып тұр
Жер ана – табиғаттың байлығы баршамызға ортақ. Өйткені тау мен тас, өзен-көл, шүйгін шабындық, ну орман, алуан өсімдікті дала алқабы тіршіліктің көзі болып табылады. Ата-бабамыз қоныс еткен осынау киелі даланы көздің қарашығындай сақтау – әрбір саналы азаматтың борышы деп білеміз. Облыста өзіндік орны бар Байзақ ауданында да осындай жерлер жетерлік. Оның күтіміне жауапты Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы салада тынбай тірлік етіп келеді. Мекемеге 220592 гектар орман қоры жері қарайды. Мұның 15100 гектары сексеуіл, 60 мың гектары жайылымдық, 20 мың гектары шабындық, 114 мың гектары түрлі өсімдіктер өсетін алқап болып саналады. Әнебір дағдарыс кезеңінде сексеуілді отын етіп, соның нәтижесінде мыңдаған гектар жер жалаңаштанып тақыр жерге айналған еді. Қазіргі таңда сол олқылықтың орны толып, алқаптар жаңадан сексеуіл орманына айналды. Осы жылдың жеті айының өзінде 9600 гектарға сексеуіл ұрығы себілген. Сексеуіл тұқымын себудің өзіндік қиындығы бар. Оны күзде себеді, қыстай қар астында жатқан ұрық көктемде өне бастайды. Егер қыс айы қытымыр мінез танытып, ұзаққа созылса, әлгі ұрығының өнуі де неғайбыл. Ол еткен еңбегіңнің зая кеткені. Сондықтан орманшылар өз кәсібінің маманы болмай, іс алға баспайды. Аудандық мекеме облысымыздағы, қала берді еліміздегі ең ірі сексеуіл орманын өсіріп отырған осы салада ұзақ жылдардағы бай тәжірибеге қанық Мойынқұм орман мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олардың бай тәжірибесін осында ендіруге күш салуда. Оған дәлел мекеме алдағы жылы Мойынқұмның Түлей бөлімшесінен көшетбақ ашып, ұрықты сол жерге сеуіп, содан өніп шыққан сексеуіл көшетін осында қолмен қондырмақ. Қазіргі таңда төрт түліктің басы артып, жайылымды жайлап жатыр. Соның нәтижесінде 60 мың гектар жайылымдық жетпей жатыр. Осыған орай қожалықтарға 114 мың гектар жайылымдық бөлінді. Өткен жылы аудан бюджетіне 6,5 миллион теңге түссе, үстіміздегі жылдың жеті айында жайылымдықты пайдаланғаны үшін қожалықтардан қазынаға 5,5 миллион теңге қаржы түскен. Енді осынау дала алқаптарын өрттен қорғау аса маңызды. Аудан Мойынқұм бұйраттарымен 650 гектар ұзындықта шектеседі. Өрт қауіпсіздігін сақтау үшін 4,5 метр жерді жыртып минералды жолақша жасалынды. Ал құм көшкінін болдырмау үшін құм жиегінен 24 шақырым жерге 13 қатар етіп қара ағаш егілді. Бұл ағаштар өніп-өсіп тұр. Мұнда жануарлар дүниесін қорғау жолға қойылған. Аңдарды атуға, жануарларды аулауға тыйым салынған. Осының бәрі табиғатты, оның байлығын сақтауға, қорғауға арналған толайым тірліктер. Мекемені осы салада ұзақ жылдар тер төгіп, бай тәжірибе жинақтаған Ермек Жүнісов басқарады. Осынау іргелі жұмысты ұйымдастырып, қалтықсыз қызмет етіп отырған білікті басшыға ұжым дән риза.
Есіркеп Серікбайұлы, тілші.
Байзақ ауданы.