Әлеумет

әкем, анам және мен

әкем, анам және мен

Төл дәстүрді түлетіп, жақсылық атаулыны жаңғыртуға сеп боларлық шараға «Асар» және «Нұрбала» қоғамдық қоры әлеуметтік оңалту орталығында білім алатын мүмкіндігі шектеулі жиырма бала шақырылып, оларға арнайы дастархан жайылды. Мекеме алаңында балаларға арналып «Әкем, анам және мен» тақырыбында асфальтке сурет салу байқауы өткізілді. Ата-аналардың қатысуымен балғындар отбасылық эстафеталық сайыс және әртүрлі спорттық ойын түрлері бойынша сынға түсті. Інжулік бүлдіршіндер қойған концерттік бағдарламаны тамашалаған оңалту орталығынан келген балақайлар да өз өнерлерін ортаға салды. Шара аясында өнер көрсеткен және сайысқа қатысқан отбасылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Арайстроймаркет – 2003» ЖШС директоры Арман Еділбаев «Нұрбала» қоғамдық қоры әлеуметтік оңалту орталығына бағалы теледидар сыйға тартты.

Облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Айман Каримова бұл шараның төрт жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын, осындай іс-шаралар арқылы ұрпақ тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар дәріптелетінін айтты. «Отбасылық құндылықтарды насихаттау бір ғана шарамен шектелмеуі керек. Мәселен, бізде «Алтын ұя» қоғамдық бірлестігі ашылды. Аталмыш клуб жас келіншектер мен болашақ аналарға кеңес берумен айналысуда. Ондағы мақсат – ошақ басындағы әйелдің өз орны мен ана берген тәрбие перзент үшін маңызды екенін ұқтырып, әр отбасынан еліне адал, тәрбиесі текті, рухы биік азамат қалыптасып шығуына атсалысу», – деді ол.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».