Әлеумет

Той шашу

Той шашу

қазақ хандығының 550 жылдығына Іскер әйелдердің тартуы

Қашанда игі іс пен қайырымды қарекеттің басы-қасында жүретін, тиянақты тірлігімен қоғамдық іс-шараларда ілкімділік танытып жүрген облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы мемлекеттігіміздің торқалы тойы – Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орай іс-шара­лар ұйымдастырып, игі істерге бастамашы болуда.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова басшылық ететін бұл ұйым қашанда белсенді. Олар өздерінің тойға тартуларын күн ілгеріден дайындауда. Сонымен қатар, облыс аудандарында және қалаларда ұйымдастырылған көптеген қайырымдылық шаралары мен түрлі семинар-тренингтер, дөңгелек үстел отырыстары мен конференциялар осынау айтулы күнге арналып өткізілуде. 

Сондай шаралардың бірі – «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылған отбасылар сайысы болды. Онда түрлі салада қызмет ететін облыстың ондаған жанұясы бақ сынасып, берік отбасы – берекелі елдіктің кепілі екенін тағы бір дәлелдеді. Жалпы, бұл шараның негізгі мақсаты да «Отанның отбасынан басталатынын» әрбір тұрғынның санасына сіңіріп, сол арқылы ел дамуына үлес қосу болатын. Ал облыстың батыл арулары Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай қолға алатын ең негізгі іс-шара «Іскер әйелдер конференциясы» болмақ. Қауымдастық белсенділерінің айтуынша, әзірге конференцияның өткізілу тәртібі мен нақты жоспары бекітілмеген. Дегенмен, негізгі жобасы әзірленуде. Шара Тараз қалалық Мәдениет үйінде кең көлемде өткізіледі деп жоспарлануда. Онда қазақ әйелдерінің сонау хандық құрылғаннан бергі қоғамдағы орны мен беделі, олардың елдікті сақтап, мемлекеттікті нығайтудағы рөлі жан-жақты айтылып, сараланатын болады. Аталған конференция аясында облыстың іскер әйелдері «Қазақ әлемі» деп аталатын этнографиялық кешен көрмесін өткізуді де жоспарлауда. Аталған кешенде әйелдердің ел өміріндегі бет-бейнесі түрлі суреттер мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан түрлі туындылар арқылы бейнеленіп, қонақтардың назарына ұсынылмақ. Бүгінде аталған кешен-көрмеге қойылатын туындылар елордамыз Астана қаласында әзірленуде. Ал қауымдастық мүшелері оны Тараз қаласына жеткізу және орналастыру жолдарын қызу қарастыруда. Қолға алған істерін қашанда жоғары деңгейде өткізе білетін облыстың іскер әйелдері бұл міндетті де абырой биігінде орындап шығады деген сенімдеміз.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».