3-інші «б»-ның оқушылары
3-інші «б»-ның оқушылары
– Мұның барлығы оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берудің және қатаң талап қоюдың арқасында ғана мүмкін болды, – дейді гимназияның ұстазы Асхат Қалдарбеков. – Егер білім негізі – бастауыш сыныптан қаланатынын ескерсек, бұл ретте менің әріптестерімнің де тиесілі үлесі бар. Сондықтан, мектебіміздің биылғы түлектерінің жетістігі бізді де қанаттандырды. Асхаттың өзі болса бастауыш сынып мұғалімдері арасында ауданның үздік ұстазы атағын иеленді. Ол гимназиядағы үшінші «б» сыныбының жетекшісі. – Оқушыларымның қай-қайсысын да өз баламдай көремін, – дейді ол ағынан жарылып. – Біреуінің сабаққа үлгерімі сәл төмендесе, қашан оқуы жақсарғанша жаным жай таппайды. Асхат жетекшілік ететін 3-інші «б» сыныбының оқушылары да үлгерімі жағынан гимназия мақтанышына айналған. Осы сыныптан 3 оқушы «Кенгуру» бағдарламасы бойынша республикалық олимпиадада жеңімпаз атанған. Ұстаздық қызмет жолына биыл 13 жыл толған Асхат орта мектептің 9-сыныбын бітірген соң Қордай ауданындағы гуманитарлық колледждің бастауыш сынып мұғалімі бөліміне оқуға түсіп, оны үздік тәмамдайды. Ол өзі еңбек жолын бастаған 31-інші мектепте табан аудармай 11 жыл еңбек етіп, «Ауылдағы ең үздік мұғалім» және «Ең білімді мұғалім» аталымдары бойынша өткен аудандық, облыстық конкурстардың қорытындысында екінші орынды жеңіп алады. Ал Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектептегі қол жеткен жетістігі жайлы айттық. – Бастауыш мектепте ең алдымен математика пәнінен терең білім беру керек деп үйретуші еді бізге ұстазымыз Сәтжан Сансызбаева апайымыз. Әйткенмен, оқушылар пәндердің барлығын да мұқият үйренуі тиіс. Өйткені, қазіргідей ақпараттық технология жетістіктері айрықша басымдыққа ие болып отырған уақыт талабы осындай ұстанымды қажет етеді, – деп бізбен сыр бөлісті ол. Жас та болса мектептің мақтанышына айналған Асхат биыл 3 айлық білім жетілдіру курсында біліктілігін көтеріп оралған. – Сонда жүргенімде әр күнім өтпейтіндей көрінетін. Ол менің орныма қалған әріптесіме сенбегендіктен емес. Бірақ, өзіңмен етене жақын болып кеткен оқушыларыңнан уақытша болса да қол үзу қиын екен, – дейді ол. Онысы рас. Біреудің баптап өсірген гүлін өзі ісін жетік білетін тәжірибелі бағбан болмаса, әрі қарай бабын тауып ойдағыдай өсіре алмайтынына Асхаттың айтқан уәждері арқылы біздің де көзіміз жеткендей болды.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».