Әлеумет

«Екінші» болу ерсі

«Екінші» болу ерсі

Бірақ 18 жасар қыз неге тоқал болғысы келеді?

Бағытымыз бір болса, қала ішіндегі көше жолдарының бойында тұрған адамды жолай тоқтап, ала кететін әдетім бар. Таяуда әудем жерде қасы-көзі қиылып, сонадайдан көз тартатын келіншек көлік тосып тұр екен. Қалыптасқан ғадет бойынша кілт тоқтай қалдым. Зеңгір көктен жауған толассыз тамшылар жанын жауратқандай көрінді. Онысын қалшылдаған иегі де байқата түсті. Айтып-айтпай не керек, мен келіншек деп пайымдаған кейіпкерім хиджапқа оранған қыз болып шықты. Жолымыз бір болған соң жеткізіп тастауды жөн көрдім. 

Көліктегі шыбын ызыңы ғана естілетін үнсіздікті оның телефон арқылы анасымен сөйлескен нәзік даусы бұзды. «Мама, сіз мені райынан қайтқан жоқ дегенсіз бе? Болды оған тұрмысқа шықпаймын деп кесіп айттым ғой» деді лезде даусы қатқылданып. Жүзі де сұрланып кетті. Сөзінен тұрмысқа шықпақшы болып, ол ойынан айнығаны анық байқалды. Екеуміз межелі жерге жеткенше әңгіме тиегін ағыттық. Айтқандарынан түсінгенім, ол бір жігітпен ғаламтор арқылы танысып, оған тұрмысқа шықпақшы болған. Жөн-жоралғы жасалып, екі жастың отау құратын күні де жақындайды. Сол кезде жігіттің дәстүрлі дінімізді ұстанбайтыны сезіліп, қыз ата-анасымен ақылдаса келе одан бас тартқан екен. Бұл жолаушының өте ибалы, иманды екені көрініп-ақ тұр. Мен жол қысқарсын деген ниетпен кезінде иманды қызды іздегеніммен, кездестіре алмағанымды айттым. Қыз сәл ғана үнсіз қалды. Кенет оның «Арақ, темекі секілді жат әдетке әуес болмасаңыз, сізге әлі де болса кеш емес қой. Мысалы, мен сізге тоқалдыққа да тиер едім» деген сөзі бойымды ток ұрғандай селк еткізді. «Апыр-ай ә, мынау не деп отыр?» деген ой келсе де сыр алдырмай, менің табысым өз отбасымды асырауға ғана жететінін алға тарта отырып, тоқал алуға шамам жетпейтінін тұспалдап түсіндірдім. Үйінің тұсына келгенде хиджап киетінін үй іші білмейтінін айтып, басындағы жамылғысын шешті. Сүт пісірім уақытта оның ажарын онша байқамаған екенмін. Көліктің ішкі жарығын жақсам, қасымда кермаралдай керілген, келбеті келіскен шынашақтай сұлу қыз мөлиіп отыр. Сол кезде барып жасын сұрадым. Қыз 18-ші көктемін енді ғана қарсы алған екен. Мұндай жастағы арулардың көрер қызығы алда емес пе? «Не үшін үйленуге асығып жүрсің? Әлі жассың, бұл ойыңды түсінбедім» дегенімде, әлгі бойжеткен «Менің жаратылысым әйел заты болған соң әрі балиғат жасына жеткендіктен ертерек тұрмыс құрып, ертерек ана атанғым келеді» – деді де көлігімнен түсіп, жөніне кете барды. Көкейде күдік пен күмән араласып мен де жайыма қала бердім. Тағы бір танысымнан естігенім, намазхан жігіт жап-жас қызбен отау тігіп, көп уақыт өтпей ажырасып кетіпті. Бұл жас шаңырақтың керілген керегесінің тез ыдырауына отағасының отбасын асырау мәселесіне бас ауыртпай, әйелінің 30 мың теңге табысына масыл болғандығы себеп болған. Оның 20 мың теңгесі пәтер жалдауға жұмсалса, қалған 10 мыңы екеуінің ас-ауқатынан артылмаған. Жігітте жұмыс істеуге мүлдем құлық болмаған. Сондағысы «Жұмыс істеу намазыма кедергі келтіреді. Өйткені, қоғам лас. Қай жерге барсаң да бірдеңесіз жұмысқа алмайды» дегенді сылтаурататын көрінеді. Мені сол қыздың басынан өткен оқиға сан түрлі сауалға жетеледі. «Ол егер менен басқа біреуге өз көзқарасын білдірсе, кез-келген біреу оны тоқалдыққа алса, ол дұрыс адам болмай шықса қыз тағдыры не болмақ?» деген ой мазалай берді. Айтпақшы, ол әңгіме арасында әлгі жігітпен сөйлесіп жүріп қандай адам екенін анықтау әрі дәстүрлі дініміз бен жат ағымның ара жігін ажырату мақсатында діни қызметкерден кеңес алғанын айтып қалған-ды. Мен облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің найб имамы Ержан Аманбаевқа жолығып, болған оқиға жайлы сұрадым. Наиб имам мешітке кеңес алушылардың көптеп келетінін, тіпті, бірі келіп, бірі кетіп жататынын айта келе, ондай жайтты басынан өткермесе де «мұндай өмірде кездеседі» деп, сөзімді қуаттай түсті. Оның айтуынша торға түсетіндердің көбісі имандылыққа жаңадан бет бұрғандар мен жастар көрінеді. Қоғамда әр адамның өз құқын пайдаланып өмір сүруіне, білім алуына, өзін жан-жақты дамытуына мүмкіндігі бар. Әркімге имандылықтың берер пайдасы өте мол. Дегенмен, имандылық жастай өз өміріңді бүлдіріп, артынан опық жеу емес. Не нәрсені болса да сауаттылықпен бағдарлап, сабырдың таразысына салған кісі қателеспейді. Қазіргі қоғамда жастардың басты міндеті – тиянақты білім алып, Отанына адал қызмет ету. Дін саласының қызметкерлері де бұл ойымызды жоққа шығармайды. Қазақ атамыз қыздың тәрбиесіне әуелден ерекше мән берген. Жастарымыз сол дәстүрлі жолдан адаспаса екен.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».