Спорт жанашырына құрмет көрсетілді
Спорт жанашырына құрмет көрсетілді
Бесағаш ауылында асық спортынан облысымыздың аға жаттықтырушысы, ардагер ұстаз Бауыржан Бейсембиевтің 63 жасқа толған және спортта жүргеніне 50 жыл толу құрметіне арналып волейболдан ардагерлер арасында халықаралық турнир өтті. Доданың ашылу салтанатында аудан әкімдігі дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов сөз сөйлеп, аудан әкімі Мәден Мұсаевтың ардагер ұстазға құттықтауын оқып берді. Сондай-ақ, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Ернар Тәжібаев, Қырғыз елінен келген волейболшылар құрамасының капитаны Мейман Әлимбеков жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келесі кезекте Қырғызстанның Талас облысы құрамасы мен Т.Рысқұлов ауданының құрамалары волейбол жарысын бастап кетті. Бұл жолы айыр қалпақты ағайындар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Келесі ойында Бесағаш ауылының командасы Тараз қаласының ардагерлер құрамасынан 2:1 есебімен басымдық танытты. Дегенмен, тараздықтар өзге ойындардың барлығында жеңіске жетіп, жақсы ойын өрнегімен танылды. Жарыс қорытындысы бойынша Тараз қаласының құрамасы жеңімпаз атанды. Қырғыздың Талас облысынан келген айыр қалпақты волейболшылар жүлделі екінші орыннан көрінсе, жүлделі үшінші орын Т.Рысқұлов ауданынан келген командаға берілді. Сондай-ақ, Б.Бейсембиевтің құрметіне асық, тоғызқұмалақ, шекемтас ұлттық ойын түрлерінен және футбол, дойбы, шахмат спортынан да жасөспірімдер арасында аудандық жарыс өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.