Шағын футболдағы ірі жеңіс
Шағын футболдағы ірі жеңіс
Шағын футболдан Қазақстан құрама командасы Еуропа чемпионатына қатысуға бір табан жақын қалды. Тұңғыш рет плей-офф кезеңіне жолдама алған ұлттық құрама Босния және Герцоговина құрамасына қарсы өткізген алғашқы ойында 5:0 есебімен айқын басым болды. Негізгі құрамда кәрі құрлықта жасындай жарқырап жүрген «Қайрат» шағын футбол клубының ойыншылары өздеріне артылған сенім үдесінен шыға білді. Жалпы бұл кездесуде қазақстандық футболшылар тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерге керемет көңіл-күй сыйлады. Кездесуде Дәурен Нұрғожин есеп ашса, Серік Жаманқұлов есепті еселеді. Мұнан соң Дуглас Жуниор Да Силва дубль авторы атанса, Лео Сантананың соққысы матчқа нүкте қойды. Қарымта кездесу Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді деп күтілуде. Алаң таңдамайтын қазақстандық шағын футболшылар сырт алаңда қол жеткізген жетістікті үстемелеп, ел мерейін асырып, Еуропа чемпионатына жолдама аларына сенім мол.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».