Ұлттық арна атышулы “Келін” сериалын қайтадан көрсеткелі жатыр
Ұлттық арна атышулы “Келін” сериалын қайтадан көрсеткелі жатыр
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендердің жүрегін жаулап алған «Келін» сериалының жаңа маусымын ашпақ.
Ұлттық арнаның баспасөз қызметі үнді сериалын қайтадан эфирге шығарудың себебін түсіндірді.
«Еліміздің түпкір-түпкірінде, алыс ауылдардан бастап, үлкен қалаларда тұратын көптеген жанкүйерлер «Қазақстан» телеарнасының редакциясына және әлеуметтік желілерде (ВКонтакте, Facebook, Twitter, Instagram) хаттар жолдап, эфирде «Келін» сериалының жалғасын қоюды өтіне сұрауда. Бұл хаттардан аға буын өкілдерінен бастап, жастарымызға дейін аталған жобаға деген махаббаттын көруге болады», делінген телеарнаның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мысалы, үзінділер келтіре кетсек, Астана қаласының тұрғындары Жүсіповтер, Амангелдиевтер және Бейсембектердің отбасылары былай деп жазады, «…Бұл сериал бізді жарқын бояуларымен, әдемі бет-бейнелерімен баурап қана қоймай, сол сияқты кейіпкерлердің бір-біріне деген қарым-қатынасы, үлкендерге деген құрметі, қазақ дәстүріне өте ұқсас болғандықтан тәнті етті. Бұл сериалда бәрі дерлік дұрыс: ене мен келін, шеше мен қыздың, әже мен немеренің, ағайындардың арасындағы қарым-қатынастардың өте орынды екенін жеткізгіміз келеді!…Біз сериалдың кейіпкерлерін жақсы көріп қалдық. «Қазақстан» арнасы «Келін» сериалының көрсетілімін тоқтатқанда түңіліп қалдық».
Қызылорда облысынан Алмагүл Мырзабек өзінің хатында былай дейді: «…Біздің ауылда барлығы дерлік «Келін» сериалын көреді. Неге аталған сериалды қайтадан эфирге бермеске? Меніңше, Үндінің мәдениеті, отбасылық қағидалары біздің менталитетке өте ұқсас. …Біз олардың тілін, дінін алмаймыз ғой, үлкенге деген құрметін, көрегенділігін аламыз. Сондықтан, сериал жалғасын тапса екен. Біз Сіздердің көрермен ойын қатты бағалап, өтінішімізді жерде қалдырмайтындарыңызға сенеміз…».
«Қазақстан» телеарнасы өз көрермендерінің осы сынды сұрауларын ескере отырып, жаңа маусымда сериалдың көрсетілімін жалғастырмақ.