Әлеумет

Жердің желегіне қиянат жасамайық

Жердің желегіне қиянат жасамайық

Аудан аумағының 60 мың гектарға жуық жерін қыста Шу өзенінің суы басып қалады. Жазда су қайта тартылғанда бұл аймаққа құрақ пен қамыс бітік шығады. Су жайылған жердің қамысы мен шөбінің өзі 500 мыңға жуық малға қысқы азық болатын. Қазір көп мал жоқ. Сондықтан, қамыстар толық орылмайды. Бұрынғы шөп шабатын совхоздардың орнын қазір, шаруа қожалықтар басқан. Ал оларға істің ретін үйрете алмайсың. Себебі, жер – соның меншігінде. Мемлекет заңында негізгі жер иеленушілер өзіне қарасты жердегі өрттің орын алуына, тамыр жинау немесе тоғай кесу сынды жағдайларына себепкер болса, оларға шара қолданылады деп көрсетілгенмен, шаруалар малына жетерліктей шөбін шауып алады да, қалған қамысты келер жылға жаңа шөп шығу әрі мұз қатқанда су ағысын ұстамасын деп өртейді. Бұл шаруа қожалықтарына қолайлы болғанымен, табиғатқа зиян екенін ескерген дұрыс. Мұндай әрекет үшін олар заңмен жазалануы тиіс.

Алматыдағы Спутникті бақылау орталығынан өртенген жер ауданға хабарлама-карта ретінде күн сайын түсіп отырады. Дәл осы карта арқылы өртенген жер иесі заңға сай жауапкершілікке тартылады. Кейбір құрылымдардың заңдылығын білмейтіндер өртті өшіру табиғат саласына қатысты мекеме-орындарының міндеті деп есептейді. Бірақ, ол мекемелерге өртті өшіруге қажетті қаражат пен көлік бөлінбеген. Керісінше, заңда өртті ауыздықтауға негізгі жер иесі міндетті деп көрсетілген. Сондықтан, шаруалар мен кәсіпкерлер өз жеріндегі шабылмай қалған артық қамысты кәдеге жаратудың, пайдаға асырудың жолын іздеуге талпынғаны жөн. Қызылорда облысында дәл осындай мал азығына жарамсыз болып табылатын қамыстың әр бумасы 30 теңгеден қабылданып, тақтайша (ДСП) дайындалады екен. Ондай кәсіпкерлер бізде де бар. Мемлекет тарапынан да кәсіптің осы түрімен айналысамын деушілерге қолдау көрсетіледі. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев несие беруші мекеме басшыларына дәл осы іспен айналысатын кәсіпкерлерді қаржыландыру керектігін айтып, бүгінге дейін өңір кәсіпкерлерін қаржыландыруға бөлінген 500 миллионға жуық қаражаттың игерілмей жатқанына қынжылыс білдірді. Демек, талпыныс білдірген кез-келген кәсіпкерді облыс әкімінің қолдайтыны даусыз. Сондықтан да Шу өзені қойнауын иемденген шаруа қожалықтары жыл сайын салығын төлеп отырған жерін табыс көзіне айналдырса, бұл қоғам үшін пайдалы әрі жұмыссыздыққа сеп болар еді. 6 ай су мен мұз астында еш пайдасыз жататын жерді тиісті орындардың қарауына ұсынып, қолайлы шешім қабылдауды ойлайтын кез жетті. Биыл жаз өте ыстық болды. Шуды тел емген аудандардың суды молырақ талап ететін қызылша дақылын көп өсіруіне байланысты төменгі Шу бойында су тапшылығы байқалды. Табиғатты айтпағанда, мал ішетін су жетпей, өзен суы сарқылып, мал шаруашылығымен айналысушылар едәуір зардап шекті. Дегенмен, бұл мәселені шешуге болады. Заңға жүгінсек, мал өсіруші шаруа қожалықтары бау-бақша егетін шаруалар сияқты, суға жыл сайын тұрақты төлем төлеп отырса, жоғары Шу өзені сағасынан су бөліп беруге жауаптылар лажсыз ойланар еді. Қазақта «Жетесіз жерін талқандайды» деген аталы сөз бар. Жасыратыны жоқ, кейбір тиынға тісін сындыратындар бүгінгі мал өрісі, ертеңгі ұрпақ мұрасына жауапсыз қарайды. Мемлекеттің жерін «Мен жер иесімін» деген оймен ауадан ақша жасаушылар тамыр жинау үшін талқандайтындар да бар. Ал сол жерге өрт тисе, өз меншігінен өзі басын алып қашатындарды да көрдік. Ондай опасыздарға «жер ризығын шашпайды». Мұны ұмытпаған жөн. Егер тамырды қажетке жарату керек болса, шағын цех ашып, алымсақпен нақты келісім-шартқа отырып, жоспарлы түрде тұрақты жұмыс атқарса, ол қоғамға да, өзіне де пайдалы болар еді.

Жапар Сатылғанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы бақылау комиссиясының мүшесі, «Андасай» қорығының меңгерушісі.

Мойынқұм ауданы.