Қыз алып қашу - қылмыс
Қыз алып қашу - қылмыс
Адам өміріндегі ең бір қызықты да ұмытылмас кезең, оның үйленіп жеке отау тігуі. Бұл орайда қазақ елінің ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойғы сақталып келе жатқан өзінің салт-дәстүрлері бар. Әдет құқығы бойынша қазақ халқында некелесудің көне түрінің бірі болып қызды алып қашып үйлену болып есептеледі. Қазақ арасында қыз алып қашудың ең көп кездесетін түрі – өзінің айттырылған заңды қалыңдығын алып қашу. Күйеу жағын мұндай іске мәжбүр ететін әртүрлі себептер болады. Кейде қыз әкесі құдасына не күйеу баласына көңілі толмай немесе өзіне пайдалы басқа адаммен құдандалы болып, оны өз мүддесіне сай пайдаланғысы келеді. Мұндай жағдайда түрлі сылтаулармен алғашқы құдасына қыз ұзату ісін ұзарта береді. Бата бұзуға дейін баратын қыз әкесінің мұндай жат ойын сезген жігіт жағы да бірнеше рет кісі салып, алдынан өткеннен кейін қалыңдықты алып қашу шарасын қарастырады. Мұндайда қыз әкесі де қамсыз болмайды. Сондықтан қалыңдықты алып қашудың ең тиімді жағын ойластырады. Егер де қыз әкесі алғашқы құдасының тек кедейлігін менсінбей қызын байлығына, мансабына қызығып, жасы үлкен шалға немесе әкесі бай кемтар адамға, кейде тіпті, тоқалдыққа бергісі келсе, мұндай жағдайда алғашқы атастырған қайын жұртының алып қашуына оңайырақ болады. Кейде алғашқы айттырылған жеріне қалыңдықтың да барғысы келмейді, оған көзі жеткен күйеу жағы қалыңмалы төленіп не жартылай беріліп қойылса, мүмкіндігінше, зорлықпен, болмаса қапысын тауып ұрлап әкетуге дейін барады. Қызды еріксіз әкеткен жағдайда күйеудің өз аулына тіке апармай, басқа жерге бой тасалай тұрып, оқиғаның барысына қарай іс істейді. Қазіргі таңда «Қызды алып қашу» салты кейбір өңірлерде әлі де сақталып келеді. Мұның тиімділігінен гөрі заңға қайшы келетін жақтары бар екені мәлім. Мәселен, екі жастың өзара келісімдерімен қалыңдықты алып қашу салты арқылы отау құру – екі жасқа немесе олардың ата-аналарына тиімді. Ал керісінше, қалыңдықтың келісімінсіз алып қашудың арты үлкен дау-дамайға әкеліп соқтырады, тіпті, кейбір жігіттерді қылмыстық жауапкершілікке тартқызып жататындары да жасырын емес. Соңғы кездері қазақ қыздарының, жігіт алып қашқаннан кейін, қалыңмалы төленіп, келіннің беті ашылған күннің ертесіне-ақ өз жұртына түрлі сылтаулармен қайтып кетіп қалатын оқиғалар жиі кездеседі. Мұндай іс-әрекеттерге барған қыздардың болашағы қалай болмақ? Өз тағдырын ойыншыққа айналдырған адам, кейін өз ұрпағына қандай тәрбие бермек? Елімізде отбасын құрып, көп ұзамай ажырасып кетіп жатқан жас жұбайларымыздың саны арта түсуде. Елімізде жас отбасылардың көбейіп, тату отбасын құруы, ұрпақтың жалғасуы – мемлекетіміздің демографиялық жағдайының дұрысталуының бірден-бір дәлелі. Сондықтан әрбір азамат өнегелі отбасын құруды мақсат етуі тиіс.
Мадина Бегжанова, облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.