Қытайдан керуен келеді күмбірлетіп…

100

Аспан асты елінен шыққан керуен 26 қыркүйек күні облысымыздың шекарасына жетеді

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Тараз шаһарының тарихы тереңнен тамыр алады. Екі дәуірді еңсерген, талай ғасырлардың куәгері атанған бұл өңірдің өткенмен өзектес келетіні де кездейсоқ емес. Ағымдағы жылы торқалы тойы тойланғалы отырған Қазақ хандығының іргесі де осы Жамбыл өңірінде қаланғаны тарихи ақиқатқа айналып отыр. Ұлы Жібек жолы көлденең кесіп өтетін өлкемізде талай халық көшінің ізі самсап жатыр.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту мақсатымен Қытайдан шыққан керуен 26 қыркүйек күні облысымыздың шекарасына жетпек. Қазақ-қытай достығын әйгілеп, екі елдің ынтымақтастығын арттыруды мақсат еткен бұл керуен 55 түйе, 20 шақты ат, 5 ат арба, 15 жүк көлігінен тұратыны туралы бұрын да жазғанбыз.
Қытай елінің Сиянь қаласынан аттанған топ қазан айында Тараз шаһарында кең көлемде аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысады деп күтілуде. Анығын айту керек, аспан асты елінің жері де, тірлігі де ауқымды екені жасырын емес. Кәсібін өрге дөңгелеткісі келгендердің көбісі осы елмен тығыз қарым-қатынас жасауды жөн деп біледі. Шынында тіршілігі қым-қуыт Қытай елінен біздің үйренеріміз, аларымыз көп. Осыны ескерген облыс әкімдігі алып елмен алыс-беріс жасаудың жолын тапқан болатын. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ҚХР-дың Шэньси провинциясына арнайы жұмыс сапарымен барып қайтқан-ды. Сол іссапарда бірқатар меморандумдарға қол қойылып, бірлескен халықаралық фестиваль өткізу, өнер мен мәдениет саласында тәжірибелер алмасу, ҚХР-дың өнер қайраткерлерінің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін салтанаттарға қатысуы туралы келісімге келген. Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен бұл екі өңірдің татуластығы толағай табыстарға жетелей берсін!

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.