Тарихымызды әлемге паш еттік

104

Ерболат Саурықов,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы.

Мерейтой аясында жоспарланған шаралар Астана қаласында Назарбаев Университетінде өткен «Мәңгілік Ел» тақырыбындағы халықаралық конференциямен жалғасын тапты. Бұл конференцияға әлемнің бірнеше елінен көптеген ғалымдар келіп қатысты. Ғалымдардың басқосуын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова сөз сөйлеп ашты. Одан кейін Түркия ғылым академиясының президенті Аджар Ахмет Жеват мырза сөз алды. Моңғол, Әзірбайжан ұлттық ғылым академияларының президенттері, Ресей ғылым академиясының мүшелері баяндама жасады. Жалпы, әлемге белгілі тұлғалардың қатысуына қарап-ақ конференцияның деңгейі және салмағы жоғары екенін түсінуге болады.
Қазақ тарихын тереңнен қозғаған конференциядан алған әсеріміз өз алдына, бұл басқосуда тың ойлар тоғысқанын айта кету керек. Франция, Англия, Ресей ғалымдары айтқан ерекше тұжырымдар ғалымдарға соны соқпақты көрсеткендей болды. Мәселен, Ресей ғылым академиясынан келген Ирина Конавалова, ұлыбританиялық Александр Мориссон қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтай отырып, қазақтың хандық кезеңін 550 жылмен шектемеу қажет деген ойды алға тартты. Олар өз баяндамаларында хандық дәуір тарихының өте тереңде екенін, оның тарихы тек Керей мен Жәнібек сұлтандардың Қозыбасыда ту көтерген кезінен бастап санағанда ғана 550 жыл толатынын сөз етіп, «Ұлы даланың тарихы сақ, ғұн дәуірінен бастау алады және бұл шартты белгілеу» деген ортақ тұжырым жасасты.
Конференцияның секциялық жұмыстары да өте қызықты өтті. Бірінші секция «Қазақ хандығы және Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы», екінші секция «Қазақ хандығынан – Қазақстан Республикасына дейін: тың деректер, жаңа тұжырымдамалар» деп аталды. Екі секцияға да шетелден келген ғалымдар қатысып, өз ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Comments are closed.