Атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз

411

Еліміздің мерекелі және атаулы күндері тізбесіне қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күні де енгізілгені белгілі. Отбасы мәселелеріне, әсіресе, отбасы құндылықтарын сақтап, нығайтуға қоғамның назарын аудару мақсатында белгіленген бұл дата биыл үшінші рет аталып өтпек. Отан отбасынан басталады, ал әрбір отбасы мемлекеттің мызғымас мықты тіреуіші болуға да тиіс. Демек, әйел-аналарға, әкелерге жүктелер міндет көп. Осымен байланысты Тараз қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Маржан Қожаевамен сұхбаттасудың сәті түскен. 

– Отбасы құндылығы жөніндегі ой-пікіріңізбен бөліссеңіз…
– Біздің мұндайды ешқандай да ұлттан үйренетін, басқа бір мемлекеттің тәжірибесін қолданатын жөніміз жоқ. Қазақ отбасындағы отағасын төрге шығару, дастархан басына үй ішіндегілердің жөн-жобасына, жасына қарай жайғасуы, инабатты келіннің иіліп шәй құюы, бата жасап ас қайыру секілді жарасымды өмір салты бізден өзге қай елде бар? Балалардың бір-біріне мейірбанды көзқараспен қарап, үй шаруасын тасқаяқтай қағыстырумен жүретіні ше… Міне, осындай өзімізде бар нәрседен заман зәйілімен айырыла бастаған жоқпыз ба? Отбасылық құндылықтарымыздың қай-қайсысының болсын бүгінгі өмірімізбен жанаса қабысарлық жөні бар. Әдемі салт-дәстүрлерімізді шып- шырғасын шығармай ортамызға қайта оралту мәселесі құрамында саясаткер, кәсіпкер әйелдер, түрлі үкіметтік емес ұйымдардың, жоғары оқу орындарының өкілдері, бюджеттік сала қызметкерлері бар комиссия мүшелерін де жиі толғантуда. Бағзы кездері әрбір ер азаматтың бойындағы басты қасиеті отбасы, ошақ қасын дін-аман сақтау болатын. Әрбір отбасын сақтау – Отанды да сақтау ғой.
Комиссия отырыстарында да отбасы ұйытқысы –әйелдер мен отағасы – әкелердің бүгінгі әлеуметтік жағдайы, қоғамдағы орны жөніндегі мәселелер жиі сөз болады. Қазір біз осымен байланысты бейнероликтер дайындап, мектептерде, мекемелерде отбасылық сайыстар өткізуді ойластырудамыз. Бүгінде әрбір отбасында дерлік әйел тәрбиесі басымдау, керісінше әке үлгісі кемшін түсіп жататынын жасыруға болмас. Бағзы кездердегідей емес, бүгінде әкелердің баласымен ашық сырласуы, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбие беруі сирексіп барады. Қалай болғанда да әкені «мен баламның болашағы үшін не істедім?» – деген сауал толғандыруға тиіс. Мерекелік іс-шараларымыз тізбесіне «Әкем, анам және мен спорттық отбасымыз» жарысын қосуымыз да содан. Бұл мәселеде ақсақалдар кеңесінің көмегі мол болып тұр.
– Ерлі-зайыптылар жарас­тығының жиі бұзылатынының куәсіміз. Ажырасулар да көп. Бұл тұрғыда не істеу керек?
– Қаладағы 9 емхананың алтауының жанында отбасын жоспарлау орталықтары жұмыс істейтінін екінің бірі біле бермейді. Оның пайдасы көп-ақ. Онда негізінен отбасын жоспарлауға ерлі-зайыптылардың психологиялық дайындығы, тұрмыстық жағдайы зерделенеді. Бұған керісінше дүниеге бала келгеннен кейін барып тұрмыс жайын ойластырып жататын отбасылар болады. Бұл жас балаға өз деңгейінде тәрбие беруге, денсаулығына айтарлықтай кедергі де келтіруі мүмкін. Отбасының ажырасуына көбінесе осындай тұрмыстық жағдайлар да әсер етіп жатады. Аста-төк той өткізу мәселесін де құптай қоймаймыз. Онда орынсыз шығын көп кетеді де, барлығының салмағы жас отбасына түсіп, көңілдеріне кірбің ұялатары анық. Бұл жөнінде жастар емес, олардың ата-аналары көбірек ойлануы тиіс. Бұдан гөрі жас отбасы мүшелерінің қызметте өсуін ойлау, шығармашылық қабілеттерін ашуына мүмкіндік жасау әлдеқайда тиімді емес пе?
Жас отбасылар балаларының мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуы, толық білім алуы, мектепке дайындығы да осы комиссия қолдауымен жүзеге асырылып жатады. Қиындыққа тап болған отбасыларда ер мен әйел арасындағы кикілжіңді жайлардың алдын алуға байланысты шаралар қолға алынуда. Құқықтық, материалдық, әлеуметтік тұрғыда көмек те көрсетеміз.
Жалпы, ажырасудың көбісі жастарға тиесілі ғой. Елімізде әрбір үшінші отбасының ажырасатыны тіркелген. Қала, облысымыздағы статистикалық жағдай да солай болып тұр, өкінішке қарай. Көбіне олар психологтар көмегіне зәру болады. Ондай көмек дер кезінде көрсетілмеуінен екі жас аралығында өз пікірлерін дұрыс деп санаушылық басым болады да, айырылысып кете барады. Зерделеуімізше, екінші рет некеге тұрғаннан кейін де сол жағдайдың қайталанатыны белгілі болып отыр. Бірінші некенің бұзылуында жақсы отбасының иесі болып отырған, өмірден көрген-түйгені мол ата-аналарымыздың көмегі керек секілді.
Қазір азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі қалалық әкімдіктің құрамына берілді. Сондықтан бір құрылым ішінде болғанымызды пайдалана отырып, сол бөлімнің жанынан келер жылдан бастап әлеуметтік жобалар аясында «Отбасы құндылығын сақтау» тақырыбы бойынша 1 миллион теңге қарастыру арқылы жас отбасыларына психологиялық көмек беретін арнайы бөлме ашып, түрлі көмектер ұйымдастырсақ дейміз. Әзірге облыстық іскер әйелдер қауымдастығының көмегіне сүйене тұрамыз.
Көптен көкейде жүрген бір мәселе, қиын жағдайға тап болған әйелдерді және балаларды уақытша орналастыру үшін былтыр 40 орындық дағдарыс орталығын ашқанбыз. Оған өмірде қиын жағдайларға тап болған, оның ішінде жақын-жуықтарынан, ерлерінен қысым көретін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған ана мен бала келіп көмек алуда. Оларға мемлекет тарапынан қаржыландырылатын түрлі жәрдемдер көрсетіледі. Жатын орындары, тамақтануы тегін, тіпті жұмысқа орналасу, құжаттарын қалпына келтіру, балаларының білім алуына байланысты толыққанды көмек түрлерін көрсету комисиия мүшелерімен бірлесе шешіледі.
Бұдан басқа қалада «Аналар үйі» тікелей денсаулық саласы қызметкерлерінің ұсынысымен ашылды. Жастықтың желігімен отбасы қабылдамаса да аяғы ауырлап қалған бойжеткендер баласынан бас тартып жатады. Мұнда, міне, осындай мұңлықтарға қоғамнан лайықты орнын табуы үшін, баласын анасынан ажыратпау үшін психологиялық, медициналық мемлекеттік көмек көрсетіледі. Бұл қоғамдық ұйымның перзентхана үйінде босандырылған, әлі некесі де қиылмаған бойжеткендеріміздің ата-аналары арасында жүргізген түсіндіру жұмыстары өз жемісін беруде.
– Жекелеген отбасылар өнегесі насихаттала ма?
– Ондай отбасылар да баршылық. Олардың елімізде соңғы жылдары дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қызығушылықпен атсалыса бастағаны қуантады. Биыл оның алғашқы кезеңінде он ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 20 немере, 8 шөбере сүйіп отырған мемлекеттік қызмет ардагері Чапай Құрамысовтың отбасы бірінші, отбасындағы 10 ұл-қыздың 9-ы, 2 келіні және 2 күйеу баласы дәрігер (барлығы 13 дәрігер) мамандығын меңгерген Балтабай Үсенбаевтың облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкері, бес ұл-қыздың әкесі Серік Тұраровтың отбасылары жеңімпаз деп танылды. Осындай отбасыларды ұлықтау, үлгі ету ісі жалғаса бермек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.