Әлеуметтік көмек әлсіздерді демейді
Әлеуметтік көмек әлсіздерді демейді
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік дағдарысқа қарсы біртұтас болып күресуде баламасы жоқ, ұстанымы кесімді 5 халықтық бағыттан тұратын Ұлт жоспарының маңызы зор құжат деп білеміз. Ұлт жоспарына қатысты Мемлекет басшысы: «Бұл 100 қадам жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап болмақ, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады. Ал реформаларды жүзеге асыру – алдағы 10 немесе 15 жылға негізделген жалпыұлттық нөмірі бірінші мақсат-міндет болып табылады», – деді. Елбасы ұсынған 5 институттық реформа жалпыжұрттық деңгейде бірден қолдау тауып, халықтық реформа деген лайықты атқа ие болды. Бұл жаңа ұлттық жоспардың көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екенін айғақтайды. Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеуіндегі тездеткіш катализатор іспетті. Осы жүйелі жоспарда мемлекет тарапынан халықтың рухани-мәдени дамуына да баса назар аударылған. «Қазақстан-2050» Стратегиясымен қоса, аталмыш реформаларды іске асыру арқылы еліміз одан ары өркендеп, дами беретін болады. Бес халықтық реформаның бірінші тармағы – «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру». Баршаға бірдей осы заманғы мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам болып саналатын ел үшін алдымен халықтың жағдайына, халықтың әл-ауқатының тұрақтылығына қызмет ететін мемлекетшіл ортаны қалыптастыруды білдіреді. Ал «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот жүйесінің тәуелсіздігі көптеген даулы мәселелерді шешпекші. Осы тұрғыда құқық қорғау мен сақтандыру жұмыстары күшейеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Индустрияландыру және экономикалық өсім» қазіргі тұрақтылықты сақтай отырып, жаңа белестерді бағындыру, әуе, теңіз, темір жол және автокөлік қатынастарын жақсарту, еуразиялық трансқұрлықтық дәліз құру, ауыл шаруашылығын дамыту, энергия көздерін оңтайландыру, құрылыс саласын индустрияландыру іспетті бағыттар да нығайтылмақ. «Біртектілік пен бірлік» реформасы – «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі мен «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асырады. Бүгінгі таңда көп ұлтты елімізде татулық, рухани келісім, бір-бірімен үндескен мүдде жасампаз болашаққа кедергісіз жетелеп келеді. «Бірлік – біздің барша табыстарымыздың кілті» деп Елбасы айтқандай, айрандай ұйып отырған елдің келешегі кемел болмақ. «Тілегі бірдің – жүрегі бір», мақсаты мен ісі бір жерден шыққан дүйім жұрт тосыннан келген қиындықты жеңіп, кез-келген белесті бағындырары сөзсіз. «Есеп беретін мемлекет қалыптастыруда» Елбасының көздеп отырған нысанасы – халық мүддесі. Елмен санасу, кез-келген мемлекеттік шаруаны, мәселені шешуде қараша халықпен ақылдасу, халыққа есеп беру, боямасыз нақты атқарылған жұмыстар, болашаққа бағдар келешекте бүге-шігесіне дейін елдің назарында болмақ. Жаңа экономикалық саясатты анықтайтын «Нұрлы жол» бағдарламасына біз ғана емес, халықаралық қауымдастық та ерекше көңіл бөлуде. «Нұрлы жол» алдыңғы жылдарда экономикамыздың қозғаушы күші болады. Жаңа жолдар салынады, соның арқасында жаңа 200 мың жұмыс орындары пайда болады. Әрине, бұл жұмыспен қамту мәселесін біртіндеп шешіп, адамдардың табыстарына ықпал етеді. Осы жолда әлеуметтік салаға арналған нақты 2 қадам бар. Бұл Елбасының әлеуметтік саласына бейжай қарамайтынын айғақтайды. Мәселен, 83-қадамда: «Еңбек қатынастарын ырықтандыру. Жаңа Еңбек кодексін әзірлеу» болса, сондай-ақ 84-қадамда «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру. Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен, еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетін болады». Мәселен, өткен жылдан бастап «Өрлеу» пилоттық жобасы бойынша шартты ақшалай көмек түрі қолданысқа енгені белгілі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылдың 15 ақпандағы №82 қаулысымен бекітілген бұл көмектің мақсаты аз қамтылған отбасылары ішіндегі жұмыссыз және өз бетінше айналысып жүрген еңбекке жарамды азаматтарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуына ынталандыруға және қиын жағдайдағы отбасыларының әлеуметтік проблемаларына көмек көрсетуге бағытталғандығын, көмекті үміткердің өтінішіне байланысты ай сайын немесе үш ай үшін бір мезгілде алып, оларға жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытуға, үй малын, құс сатып алуға, жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға беріледі. Алдағы уақытта аз қамтылғандарға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету еңбек әрекетіне мотивациясы бар және өз материалдық жағдайын жақсартқысы келетін азаматтарға бағытталған сараланған тәсіл қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, жұмысқа орналастыруға бағытталған табысы аз азаматтарды мемлекеттік қолдау жүйесін реформалау, сондай-ақ жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдар мен төлем алушылар арасындағы қатынастарды реттеу арқылы әлеуметтік төлемдер алушылар арасындағы масылдық пиғылдың алдын алудың жаңа тетіктерін енгізу болып табылады. Сондықтан «100 нақты қадамда» көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру әрбір қазақстандықтың міндеті деп білеміз.
Жарқынбек АЙТҚҰЛОВ, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары.
Байзақ ауданы.