- Advertisement -

Қазақ-қырғыз сауда-саттығы арта түседі

114

- Advertisement -

Қырғыз елінің Еуразиялық экономикалық одаққа толық мүше болуына байланысты екі ел арасындағы кедендік бақылау алынып тасталғаны мәлім. Осыған орай, 19 тамызда облыс әкімі мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас облыстарының Үкімет губернаторлары кездесіп, бірқатар мәселелерді талқыға салған болатын. Кездесу нәтижелері бойынша қабылданған хаттамалық шешіміне сәйкес, заң бойынша Қазақстан Республикасына кіру және тауарларды өткізу тәртібін түсіндіру бойынша жұмыс тобын құру қарастырылған. Жұмыс тобы құрылып, көрші мемлекеттердің шекаралас екі облыстың өкілдері «Айша бибі» кеден бекетінің мәжіліс залында алғашқы жиынын өткізді. Оны облыс әкімінің орынбасары, жұмыс тобының төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырды. Ол қос мемлекеттің басшылары мақұлдаған келісімдердің маңыздылығын айта келе, алдағы уақытта да көршілес екі елдің ынтымақтастығы арта түсетініне сенім білдірді. Ал Қырғыз Республикасы Талас облысы губернаторының бірінші орынбасары Даир Кенекеев Жамбыл өңірінің басшыларына қырғыз елінің кәсіпкерлеріне, тауар өндірушілеріне жағдай туғызғаны үшін алғысын білдіріп, бұл бастаманың қос мемлекет үшін де тиімді болатынын тілге тиек етті. 

– Бұған дейін де облысымыз Қырғызстанмен, әсіресе, оның шекаралас жатқан екі облысы – Шу және Талас облыстарымен тығыз ынтымақтастық байланысы жақсы болатын. Қырғыз Республикасы Үкіметінің 2012 жылдың 2 шілдесінде ынтымақтастық және ағайындық байланыстарды орнату жөніндегі келісімге, 2014 жылдың 2 наурызында және 20 қарашасында үш облыстың атқарушы органдары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылып, екі жақты тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынас орнату туралы шешімдердің қабылдануы – осы сөзіміздің дәлелі, – дейді Абдалы Нұралиев.

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Асхат Есенәлиев екі ел арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар шеңберінде қырғыз кәсіпкерлері үшін Тараз қаласының базарлары аумағынан сауда орындарын бөлу және облысымыздың сүт өндіретін кәсіпорындарына Қырғыз елінен сүт өнімдерін жеткізуге ықпал ету жұмыстарын ұйымдастырылғанын айтады. 

— Жамбылдықтарды Қырғызстаннан арзан бағамен әкелінетін жеміс-көкөніс өнімдерімен және халық тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында қырғыз азаматтары үшін облыс орталығындағы сауда базарларының аумағынан 2000-нан астам сауда орындары бөлінді. Облысымызда 41 сауда базары бар, оның біреуі – коммуналдық базар. Бүгінде осы базарларда 5000-нан астам қырғызстандықтар сауда-саттықпен айналысуда. Тамыз айында болған кездесудің қорытындысы бойынша облысымыздың бос сауда орындары бар базарлары алдын ала келісім бойынша жалға алу құнына жеңілдік бере отырып, қырғыз азаматтарына сауда орындарын ұсынуға дайын. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы «Орталық базардан» – 4000 сауда орнын, «Атакент-Тараздан» – 5000, «Берекеден» («Ауыл-Береке» базарының жанында) – 50, Қордай ауданында: «Барыс 2-ден» – 2011, «Дастай атадан» – 56, Меркі ауданындағы орталық базардан – 70, «Хан базарынан» – 8, Т.Рысқұлов ауданындағы орталық базардан 20 орын ұсынуға дайын, – деді Асхат Есенәлиев.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Жандар Қоекеев Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының шешімі негізінде, көршілес мемлекеттің эпизоотиялық қауіпсіздігі расталғанша шекаралық бақылаумен қатар, ветеринариялық-санитариялық бақылау жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Сонымен қатар, шекараның бақылау бөлімшелері, мемлекеттік шекара арқылы өтетін көлік құралдары, жүк және тауарларды барлық белгіленген бақылау түрлері өткізілгеннен кейін, ветеринариялық мамандардың көлік құралдарды, жүктерді және тауарларды Қазақстан Республикасына әкелуге немесе әкетуге рұқсат деген белгілері болған жағдайда ғана тауар өткізілетіндігін жеткізді. Қырғыз елінен келген шекаралас облыстардың басшылары өздерінің көкейдегі сауалдарын жолдады. Бұған өз кезегінде облыстың сала мамандары тұшымды жауап берді. Жиын соңында 20 қыркүйек күні қаламыздағы «Атакент-Тараз» базарында өтетін қырғыз тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі жайы жан-жақты талқыланды.

Наурызбек САРША, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support