Сен де бір кірпіш дүниеге...
Сен де бір кірпіш дүниеге...
Жоғары оқу орнын жаңа бітірген жастардың басым бөлігі қалада қалуға тырысады. Ал ауылда маман тапшылығы жиі сезіледі. Сондықтан, Елбасы білімді жастарды ауылға тарту үшін «Дипломмен – ауылға!» жобасын ұсынды. Бұл жоба бүгінде өз жемісін беріп, жастар көптеп ауылға келуде. Соның бірі – Күреңбел орта мектебінде еңбек етіп жатқан Әлия Сартбаева. Әлия Қайрат ауылында, үлкен отбасында дүниеге келген. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдары. Тоғыз ағайындының бүгінде алтауы білім саласында еңбек етуде. Ол – 2005 жылы Мыңбұлақ орта мектебін аяқтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, грантқа ілігеді. Сөйтіп, 2009 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Жас маман еңбек жолын «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда мұғалім болып бастады. – Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған жоба аясында ауылға келіп, жұмысты болдым. Жас маманға берілетін көтерме ақыны алдым. Осы жоба аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл филиалынан өсімсіз несие алып, аудан орталығынан үй сатып алдым. Сөйтіп, өзімнің болашағымды ауылмен байланыстырып, соған қам-қарекетімді жасап жатырмын, - дейді жас маман. Несие алып, үйлі болған жас мамандар денсаулық және мәдениет саласында да бар. Әлия сөз арасында: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан қомақты несие алуыма осы акционерлік қоғамының несие менеджері Руслан Рахманбердиевтің көп көмегі тиді», – дейді. Ал құжат жинап несие алуына үш жыл уақыт кетіпті. Еңбек жолын жаңа бастаған жас маманға мектеп гимназияда тәжірибелі маман Гүлшат Базарбаева тәлімгер болып бекітілсе, шығармашылық жұмыспен және сыныпты алып жүруде оған Ризагүл Темірбекова мен Индира Баетовалардың көмегі көп болыпты. Өзінің де еңбекқорлығы мен талапшылдығы оның тез білім биігінен көрінуіне себепші болады. Жас маман қаймықпастан мектепішілік, аудандық, облыстық конференциялар мен ғылыми жобаларға, білім байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Басшылық тарапынан көзге түскен Әлияны аудандық білім бөлімі тәжірибе жинау үшін Күреңбел орта мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп жібереді. Бұл жұмысты да бүгінде абыроймен атқаруда. Әлия сонымен бірге ғылым саласында да қалам тербеп жүрген жас. Ол бүгінгі таңда мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі. – Менің болашақта мақсатым көп. Сол мақсаттың бірі – жақсы шәкірт тәрбиелеу. Қазақтың әдебиетін, салты мен дәстүрін жас ұрпақ санасына құйып, ел патриоттарын тәрбиелеуге үлес қосу. Білімнің биігінен көріну. Елімнің өркендеуі үшін үлес қосып, Абай атамыз айтқандай, кірпіш болып қалану, – дейді Әлия.
Марат Құлибаев. журналист.
Жуалы ауданы.