Әлеумет

Тараз – тарихи мекенім

Тараз – тарихи мекенім

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен жуырда Жуалы ауданы маңындағы Берікқара шатқалында «Тараз – тарихи мекенім» атты облыстық жастар лагері өтті. Аты айтып тұрғандай, бұл жолы жастар оқыту лагері өңірімізде тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығын жастар арасында кеңінен насихаттау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу, өткенімізді еске түсіре отырып, болашаққа бағдар беруге баулуды мақсат тұтты. 

Лагерь қатысушылары 18-29 жас аралығындағы аудандық, қалалық жастар орталықтарының қызметкерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, ірі өндіріс орындарындағы жұмысшылар және белсенді жастар. Ал жастардың жүрген жері мереке. Содан болар, олар таңертеңгі дене шынықтыру жаттығуларына, жаппай спорт түрлерінен өткен жарыстарға, психологиялық тренингтер және команда құру, кешкі сауықтыру шараларына қатысты. Облысымыздың әр ауданынан жиналған жастар топ-топқа бөлініп, өз топтарына тақырыпқа сай «Алаш», «Ғұндар», «Бөрілер», «Көшпенділер», «Орда» сынды атауларды қойып, өнер мен спорт жарыстарында сынға түсті. Олар тарихи және еркін тақырыптағы көріністерді сахналады. Үш күнге созылған топтық жарыстың нәтижесінде «Номад» тобы жеңіске жетті. «Алаш», «Орда» топтары да үздіктер қатарында. Жаздың соңғы күндерінде өткен жастардың жазғы сауықтыру лагерінде «Үздік отыздыққа апарар жол - 100 нақты қадам» тақырыбында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат, «Қазақ хандығының құрылуы және Жамбыл өңірінде тойлануы» тақырыбында тарих ғылымдарының магистрі, археолог С.Қалиев, «Мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы салааралық байланыс орнатудың перспективалары» тақырыбында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е.Құралбаев баяндама оқыды. «Жастар арасындағы тиімді коммуникациялық дағдылар» тақырыбында облыстың Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрағасы, «Үкіметтік емес ұйымдар және бизнес» Жамбыл Азаматтық Альянсының төрағасы, кәсіби медиатор Айнұр Заурбекова, «Жалпы қазақстандық сәйкестілікті қалыптастырудағы жастардың этномәдени және құқықтық құзыреттілігі» тақырыбында «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы П.Мамедова, «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі А.Тапаева, «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес ашудың жолдары» тақырыбында республикалық «Үкіметтік емес ұйымдарының сарапшылар орталығының» тренері А.Иманғожина, «Менің таңдауым - спорт!» атты тақырыпта халықаралық «Street workout «Bar Bars»» федерациясының өңірлік өкілі Н.Темірхан семинар-тренингтер өткізді. Барлық қатысушыларға «Тараз – тарихи мекенім!» атты облыстық жастар лагеріне қатысқаны үшін сертификаттар тапсырылып, белсенді және байқауларда үздік деп танылған жастар қосымша «Алғыс хаттар» және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».