Әлеумет

Парасат пен пайым

Парасат пен пайым

1Серік үмбетов.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің «Ой иірімдері» атты кітабы жарық көрді. Кітаптың алғысөзінде «Ақылы кенен, ісі ерен аға ұрпақтың парасат-пайымына құлақ түріп, оны жүрек сүзгісінен өткізген әрі өз өміріне арқау ете білген автордың өмірлік ұстанымының оқырманға берері мол» делінген. Қазақы болмысымен ел-жұрттың ықыласына бөленген Серік Әбікенұлының бұл кітабы көпшілік оқырманға арналған. Кітаптың өне бойы Отанға, туған жерге, елге деген перзенттік ізгі қасиетпен өріледі. Тәуелсіз еліміздің жүрек тебірентерлік тарихи сәттерін суреттейді. Өмірден түйген ой ұстамдары тәлім-тәрбиеге жетелейді.

халқына бақыт тілеген

Өз елін, жерін сүйген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Араб елінің басшысы Қағба қақпасының алдында: «Кіргеннен кейін Алла тағаладан шын пейіліңізбен біріле үш тілек тілеңіз, Жаратқан қабыл алады», – депті. Сонда Елбасы іркілместен: «Қазақ халқына бақыт тілеймін!» деп үш мәрте қайталапты. Сірә, Жаратқан ием сол тілегін қабыл қылып, еліміз аман, жұртымыз тыныштық пен береке-бірлікте өмір сүріп жатыр деп ойлаймын.

Ұлт жанашырларының ұлы мұраттары

Елімізде халықтың жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасалған. Тек білекті түріп, іске кірісу керек. Ауызбіршілігі жоқ, алауыздығы күшейген қоғамда адамгершілік құндылықтар жойылады. Қадамы нық, бағыты айқын Қазақстан үшін тыныштық пен тұрақтылық ауадай қажет. Аллаға шүкір, еліміз егемендікке, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі аралықта үлкен жетістіктерді бағындырды. Соның ішінде жас мемлекетіміз әлемдік кеңістіктен Қазақ елі болып лайықты орын алуының өзі Алла тағаланың берген шексіз сыйы деп қабылдаймыз. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Халқымыздың аңсаған бейбіт күнге қашан жетер екенбіз» деп толғанса, Әлихан Бөкейхан: «Ахмет, сенің халқың, сенің ұрпағың түбі біз аңсаған азат күнге жетеді. Сол кезде сенің есімің олардың санасында қайта жаңғырып, тарих болып қаланады», – деген екен. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы, үміті мен сенімі. Ол – егемендік пен дербестіктің самал желі, азаттықтың алтын шуағы. Тәуелсіздіктің арқасында еңсеміз биіктеп, рухымыз шалқи түсті. Еліміз, жеріміз түгенделіп, мемлекетіміз аяғынан нық басты.

Даналардан қалған тәмсіл

Ата-бабамыздан қалған өсиет сөздерді оқыған сайын ұлтымның ұлылығына таң-тамаша боламын. Не деген көрегендік, білімпаздық. Енді Шәкәрім дананың мына бір пайымына қараңыз. Шәкәрім ойшыл: «Біреудің жайын сынамақ бұрын, оның өмір сүрген ортасына, өміріне байыппен көз жібер, жағада қайық күтіп тұрып, қайық келместен бұрын жүкті арқалап тұрған жолаушыға ұқсама... Мені білу үшін, мен мінген қайыққа мін, сонда ғана өмір жайымды түгел ұғасың, сүйінішім мен күйінішімді, күйзелісімді түсінесің, сонда ғана анық танырсың кімдігімді...» дегені рас емес пе. Бұл сырттай адамға асығыс баға беру ағаттық екенін еске салады. Біз көбіне соған әуеспіз. Адамды тану қиын. Кімнің қандай екенін білгің келсе, бір пұт тұзды асыңа бірге пайдалан деген де сөз бар. Оның астарында қаншама жылдар бір-бірін білу қажеттігі айқын көрінеді. Қарап отырсаң астарында қаншама терең ұғым жатыр. Теңіздегі қайықтың дауыл бағытын өзгертіп, жолаушыларға қауіп төндіру әбден мүмкін. Одан әрі өмір мен өлім арпалысады. Тағдырыңның қай жаққа ауарын біле бермейтін сәт басқа түседі. Өмірде мұндай кездер кездеседі. Қалай болғанда да адами қасиеттерге әкеліп тірейді.

Елінің еркелері

3Қазақ ұлтының мақтанышы ер Баукең – Бауыржан Момышұлы жайлы айтпай кету, әсте, үлкен күнә болар еді. Батыр аға көп жыл Кеңес Одағының Батыры деген атаққа қол жеткізбеді. Бұған Баукең қиналған жоқ. Бәріне сабырлы, төзімді қалыппен қарады. Батыр ағаны бәрібір атақ өзі тапты. Осылайша Баукең соңғы күніне дейін елдің еркесі болып өмір сүрді. Кеудесіне екі «Алтын жұлдыз» таққан ұшқыш-жауынгер Талғат Бигелдинов те атақ-даңқын саудаға салмай, өз тіршілігімен қарапайым өмір кешкен азаматтардың қатарында. Өмірден өткен Дінмұхамед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков туралы ел аузында талай ғажап әңгіме-естеліктер сақталған. Барлығы аса ризашылықпен еске алады. Кім айтса да жүректері елжіреп, олардың ерекше азаматтық қасиеттерін жіпке тізгендей етіп отырады. Қарапайымдылықты солардан үйренгеніміз жөн болар, сірә. Иә, халықтың алдындағы абыройдың, құрмет пен қолпаштаудың атақтармен, наградалармен есептелмейтіні бәрімізге аян. Атақ десе әкесін сатуға дайын тұратындар қоғамда қаптап жүр. Кейде ой қуып, өмірде болып жатқан құбылысқа сын көзбен қарап, өзіңше пайымдап, сараптама жасайсың. Жақсылыққа көңілің шалқиды. «Бір биік бар, қалықтап қыран да шығады, жорғалап жылан да шығады» деген Абай сөзінен асыра не айта аламыз? Өмір шындығы, нақтылығы осында ғой. Иә, айта берсек, ондай тұлғалар жетіп артылады. Кейде өмір жайлы осылайша толғанамын. Бос уақытта ән тыңдаймын, күйге құлақ түремін. Әсем ән мен тәтті күй жанды емдеудің, рахатқа бөлеудің жолы.

Жаһандану әсері

Нарық талабы қатал. Көп нәрсені Батыс елдерден үйренудеміз. Бұл жаһандану үрдісі. Оның жақсы жақтары мен басқа да келеңсіз тұстары бар. Мәселен, моральдыққа жатпайтын нашақорлық және басқа адамгершілікке жат қылықтар тарай бастады. Тағы бір байқалатыны – адамдар бірін-бірі іздеп, ой бөлісуден, қамқор болудан қалып баратындығы. Мұның бәрі Батыс елдерінің тіршілігіндегі көрініс. Не істеу керек дейміз. Қоғам қай кезде де тәрбиеге негізделген ғой. Мұны Мемлекет басшысы да қадап айтады. Қашанда тәрбие алда тұруы керек. Онсыз мемлекеттік мақсаттан жеке бастың мақсатын жоғары қоюдан құтылу мүмкін емес. Сонымен қоғам негізі – тәрбие. Ол көп салалы. Әрі үздіксіз жүргізуді отбасы, мектеп пен ұстаздар біріккенде ғана нәтижеге қол жетеді. Қатаң талап та, өнеге де тәрбие.

Жақсылық көрсем өзімнен...

Ойлап қарасақ, шексіз де шетсіз мына дүниенің иесі Ұлы Раббымыз. Жеті қат көк пен жұмыр жерде тіршілік еткен пенделердің арайлап атқан ақ таңнан игілікті іс, жақсылық күтетіні сондықтан. Десек те кейде пенде қан­шама талпынса да, тағдырдың жазуынан аса алмайды деген пікірді жақтайтындар да бар. Тағдыр... Иә, осы бір ұғым туралы әркім әртүрлі ойлайды. Өмірінің алты белесінен асқан шағымда мені де осы жай көп толғандырады. Жақсы мен жаманды таразы басына саламын. Тіршілікте кездескен жекелеген оқиғалар бұл мәселеге философиялық көзқараспен қарауыма мәжбүрлейтіндей. Түйіннің тарқатылуына себеп те жоқ емес. «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен, Тағдырдың ісі дегенді сызып тастаймын сөзімнен» деген толғам тегін айтылмаған. Толассыз мына тірлікте айналамыздағыларға назар, көңіл аудармайтынымыз жасырын емес. Алдыңа жаңа ғана жабырқап келген жанның жүрегінде не мұң барын білуге талпыншы. Өйткені, онымен екінші қайта жолықпайсың ғой. Билік кімнің қолында мәңгі тұрған. Сол адамның үмітін үрле, сонда ол шын ниетімен алғысын айтады. Адамнан алған алғысың саған жақсылық болып, Алладан қайтады. Ал, беймаза тірлікте бір адамның өмірден өз орнын, бақытын тапқанын сезінудің өзі қандай ғанибет. Адамның тағдыры деген осы. «Адамның күні – адаммен». Пендеге жасаған қолқайырың, игілікті ісің осылай өріле берсе, әрине, бақ та, бақыт та басыңнан кетпейді. Демек, жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен дегенге сенемін. Өз өмірімде осыған көзім жетті.

Құдіреттің күші

Өткен жылдары Гаитиде қатты жер сілкінісі болды. Басқа елдермен қатар Қазақстан халқы да көмегін ұсынды. Әлем баспасөзінде жазылған табиғаттың жұмбағы туралы оқып таңдандым. Қасындағы үйлер жер сілкінісінен жермен-жексен болғанда Гаитидегі жалғыз мешіттің қабырғасына сызат та түспеген. Сол мешіттің жаралы адамдар мен үйсіз қалғандарға пана болғанын баспасөз жарыса жазды. Бұл Алланың шапағаты емей не дерсің. Әрі Ислам дінінің өзге діндерден ерекшелігінің, адамзатқа деген махаббат нұрына толы екенінің дәлелі. Дүниенің күрсейі Алладан екенінің бір дәлелі ретінде қабылдауға болатын құбылыс қой бұл.

Абырой биігі

Биліктегі азаматтардың қызмет жолы жіңішке. Талғамай осал жерінен ұстасаң үзіліп кетеді. Қия баспайтын бар істің қиюы осыған байланысты. Қым-қуыт, қилы-қилы әрекеттері бірге жүретіндіктен аяғына жем түскен аттай тосырқап қалуың заңды құбылыс. Қаншалықты зор болғанымен соншалықты кінәмшіл болатыны осыдан. Кейде болмай жатып, табаны тайқып кететіні бар. Ал, тізгінді тең ұстағандар нағыз тұлға атанады. Бұл абырой деген үлкен билікті бағындырудың, азамат атанудың баспалдақтарымен көтерілудің жолы іспеттес. Адам бойындағы өнерімен өрге жүзеді. Көңіл көкірегін көркем оймен көмкеріп, жүрек лүпілімен бірге соққан сұлу өнерге жұрт ежелден құштар. Халық он саусағынан өнері тамған шеберге де, майлы бояумен беймаза өмірді, табиғат сұлулығын бейнелеген суретшіге де ежелден бас иген. Өнеріне жоғары бағаларын берген. Кең-байтақ далада төрт түлігін өргізген қазақ үшін өнердің құдіреті тіптен биік. Сол қасиеті емес пе, жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жамбылға талғампаздық танытқаны, ат-шапанын жауып, төбесіне көтеріп еркелеткені. Ақындар мен сал-серілердің таңдай қақтырған өнері ұлттық мәдениетіміздің мәйегі дейміз. Ақиқатты ашық айтқандарды халық қана емес, ел тізгінін ұстаған ханның өзі де аяғынан тік тұрып құрметтеген. Осы бір риясыз құрмет өңін өзгертпей, бүгінгі күнге де жетті. Ақынның сөзіне тоқтаған төрелер, бір ауыз кесімді шешімге құлақ түрген билер қазір де бар. Демек, халқымыздың мыңжылдық тарихына, мәдениетіне мән беріп, тілі мен дәстүріне ықылас танытқанның қашанда алда жүретіні ақиқат. Осы қасиеттерге адал болу – парызымыз.

Тарих – алтын көпір

Тарих – өткен мен бүгінгінің арасын жалғайтын алтын көпір. Өткенге жүгінсек, есімі Шыңғыс хандай мәңгілік жасаған тарихи тұлғалар көп емес. Оның рухы біздің замандастарымызды да тыныш таптырмай келеді. Кейде адамзатты сілкіндіріп, ойға, мұңға батырады. «Шыңғыс хан» кинофильмі маған көп ой салды. Оның батырлығы, жауға деген өшпенділігі, халқына деген азаматтығы өте әсерлі. Сонымен қатар, анасына деген махаббаты, ақылын тыңдап, тоқтам жасағаны үлкен әсерге бөледі. Жалпы, тағылым болар тұстарына тәнті болдым.

Қырықтың бірі – Қызыр

Көрнекті жерге айшықты жазумен ілінген осы тақырыптағы көрнекілікті оқығанда қазақ халқының кеңпейілділігі есіме түсті. Мен ғана емес, оны оқығандардың да аз-кем ойланып қалары хақ. Кейде арамызда той-томалақ көбейіп кетті дейтіндер табылып қалады. Қуанышқа, тойға тыйым салуға бола ма? «Той – қазына, қонақ – ырыс» деп ата-баба айтқан. Демек, барша ағайын-туыспен қуанышты бөлісіп, сөзі дуалы үлкендерден бата алсақ деген ізгі ниет қой бұл. Мұндай үрдіс қазақтан басқа бір елде жоқ. Біздің өзгелер тамсанатын, қызығатын қасиетіміз осы. Босағасынан бір адам аттамайтын, бір үзім нан, су бермейтін елдер де бар. Құдай сақтасын, солардың біздің елден несі артық болып жатыр. Керісінше, қырғиқабақ соғыс өрті шарпып жатқан жоқ па? «Қырықтың бірі – Қызыр» деген ата-бабамыз құдайы қонағын құдасындай күткен, сен кімсің демеген. Жайылған төсек, иіліп жастық болған. Міне, осы жақсы қасиеттен айырылып қалмауымыз керек. Өйткені, қазір қалада, далада болсын, көршісінің кім екенін білмейтін кез келді. Мұны жақсылық деп кім айтсын. Алла пейіліне қарай беремін деген. Осыны ұмытпау керек.