Азия чемпионаты айбынымызды асырды
Азия чемпионаты айбынымызды асырды
Жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаевты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, құрмет көрсетті
Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен бокстан Азия біріншілігінде қазақ оғландары толайым табысқа қол жеткізіп, бес алтын, бір күміс, бір қола жүлде еншілегенін бұған дейін жазған болатынбыз. Сары құрлық теңдессізі атанғандардың қатарында жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев та бар. Төрт кездесуін де жоғары қарқында өткізіп, тамаша техникалық мүмкіндігін байқата білген Олжас елге оралған соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, жерлесімізге құрмет көрсетті.
– Олжас, сен тек өңіріміздің ғана емес, еліміздің абыройын асқақтаттың. Өткенде қабылдағанымда саған үлкен сенім артылғанын сөз еткен едім. Сенім үдесінен шығып жүрсің. Алда әлі үлкен бәсекелер тұр. Сол додаларда ел мерейін өсіретініңе сенемін. Келесі жылы төртжылдықтың басты бәсекесі олимпиада ойындары өтеді. Әр спортшының арманы аталған аламанда топ жару ғой. Енді олимпиадаға жолдаманы жеңіп алып, келер жылы топ жаруыңа тілектеспін! – деді Кәрім Нәсбекұлы жерлесімізге жауапкершілік жүгінің ауыр екенін аңғартып.
Бұдан соң облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы 52 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанған жамбылдық боксшыға 2400000 теңгенің сертификаты мен диплом табыстады. Бұл күні чемпионның бапкері де назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі Олжастың жаттықтырушысы Мұрат Әбімселімовке 300000 теңгенің сертификатын ұсынды. Облыс өренінің жеңісіне республикалық «Егемен Қазақстан» газеті арнайы тоқталыпты. Онда ел газеті: «Олжас – біздің ұжымымыз үшін де бөтен емес. Ол – «Егемен Қазақстанның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып ұзақ жылдар қызмет атқарған Көсемәлі Сәттібайұлының ұлы. Олжастың әр басқан қадамына тай күнінен көз салып отырған бұл орта оның жеңісін алдағы жылғы айтулы аламандағы толайым табыстың байырқалы бастауы болса екен деп тілейді. Ал біздің бағлан чемпион атанғанға дейінгі жолда таиландтық Онгжунта, түрікмен Зарип Жумаев, қырғыз Азат Үсенәлиев сынды саңлақтарды жолдан тайдырған еді. Бұлардың арасындағы қырғыз боксшысы Азияның осы салмақтағы 2013 жылғы чемпионы болатын. Бетпе-бет айқас үстінде Олжас олардың бәрінен айқын басым түсіп, қазір нағыз өзінің бабында екенін көрсетті» деп, жерлесіміз хақында жылы пікір білдірген. Олжас Азаттан кейін финалда өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировты да 3:0 есебімен айқын жеңген-ді. Облыс әкімінің қабылдауынан кейін Олжасқа бір-екі сауал қойған едік. Олжас Сәттібаев, бокстан Азия чемпионы: «Босаңсуға уақыт та, негіз де жоқ»
– Олжас, жеңіс құтты болсын! Азия чемпионатында төрт кездесуде де өз мықтылығыңды дәлелдедің. Осылардың ішінде өзіңе таныс қырғыз боксшысы Азат Үсенәлиев – 2013 жылғы Азия чемпионатында топ жарған саңлақ. Одан бөлек, Азат та өзің секілді бүкіләлемдік бокс сериясында «Украина атамандары» командасының сапында өнер көрсетіп, сол сында тағы бір қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменовті олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты секілді байрақты бәсекелерде жеңген Эндрю Селбиді техникалық нокаутпен жеңгені есімізде. Демек, Азат та бабында ғой. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі басты бәсекелесіңнен айласын асырған Селбиді жеңген Азатты жеңіп отырсың. Бұл дәл қазіргі кезде өзіңнің нағыз бабыңа келгеніңді байқататын секілді. Жалпы, әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарына да Олжас тас түйін дайын деген сенім ұялады біздің көңілге. Өзің қалай ойлайсың? – Біріншіден, босаңсымау керек. Азия біріншілігінде топ жардым екен деп ілкі сәтке де жаттығуды әлсіретуге ешқандай негіз жоқ. Алда, Алла қаласа, үлкен додалар көп. Жауапкершілік жүгі ауыр. Әрине, Азат бүкіләлемдік бокс сериясында болсын, басқа сындарда болсын – жақсы өнер көрсетіп жүр. Эндрю Селби де біздің салмақтағы фаворит боксшылардың бірі саналады. Сондықтан Азат қазіргі кезде өзінің нағыз техникалық тұрғыда кемелденген шағына келді деп ойлаймын. Азат – маған өте таныс боксшы. Қырғызстаннан біздің елге оқу-жаттығу жиындарына келіп тұрады. Бокстасып та жүреміз. Бір сөзбен айтқанда, Азат екеуміз бір-біріміздің мүмкіндігімізді жақсы білеміз. Түйіп айтқанда, Азат, боксшылығынан бөлек, жақсы жігіт. Бірақ, рингте әр боксшы жеңіс үшін айқасады. – Олжас, сенің салмағыңда AIBA Pro Boxing жобасында жасындай жарқыраған, әлем чемпионы ресейлік Миша Алоян, мексикалық Элиас Эмигдио секілді боксшылар бар. Олардың аяқ алысын аңдып, қарсы дайындалып жүрген боларсың? – Иә, бұл екі жігіт те біздің салмақта бәсеке көрігін қыздырып жүрген жақсы боксшылар. Олардың да шамасын барлап жүрмін. Аталған боксшылар мықты екен деп қарап отырмаймыз. Жаңа айтқанымдай, менде бір минут та босаңсуға уақыт жоқ. Толассыз жаттығуға кірісіп жатырмын. Алла қаласа, алдағы сындарда өзімді жақсы жағынан көрсетсем деймін. – Барлық боксшы үшін ыңғайсыз қарсыластар болады ғой. Сен үшін жұдырықтасу мәнері тұрғысынан кімдер ыңғайсыз деп айтар едің? – Расында да ондай боксшылар болады. Мен үшін Еуропа, болмаса басқа құрлықтардың былғары қолғап шеберлерімен жұдырықтасу ешқандай ыңғайсыздық туындатпайды. Қайта Азиядағы қарсыластарымның ішінде ыңғайсыздау қарсыластарым бар. – Әңгімеңе рахмет! Катардағы әлем чемпионатынан олжалы оралып, олимпиада жолдамасына иелік етуіңе тілектеспіз!