«Ғаламшар аруы-2015» байқауында Қазақстан намысын Ақерке Ысқақова қорғайды (фото)
«Ғаламшар аруы-2015» байқауында Қазақстан намысын Ақерке Ысқақова қорғайды (фото)
Төрткүл дүненің сылқым сұлулары 12 қыркүйекте Грузияда алғаш рет өтетін «Ғаламшар аруы-2015» сұлулық байқауында бақ сынасатын болады. Қатысушылар арасында жерлесіміз Ақерке Ысқақова да бар, деп хабарлайды BNews.kz.
Көрермен 35 елден келген байқаудың іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен арулардың сұлулығына тәнті болмақ. Қатысушылар өз делегациясымен бірге Грузия жеріне 6 мен 13 қыркүйек аралығында қоныстануда.
«Ғаламшардың алғашқы аруын арнайы жасақталған қазылар алқасы іріктейді. Оның құрамына 20 елдің өкілі енген. «Ғаламшар аруы-2015» байқауы жеңімпазының басына бірегей алтыннан құйылған тәж кигізілмек. Қосымша үш орын иегерлері де байқау демеушілерінің атынан арнайы сыйлықтармен марапатталады деп күтілуде», – деп хабарлап отыр байқау ұйымдастырушылары.
Сұхбаттарының бірінде Ақерке шығыс биімен шұғылданатынын айтып қалған болатын, бұл ермегі өнерпаздар байқауында кәдесіне жарары анық.
Ақерке бұған дейін Miss Grand Sea Universe-2015 сұлулық байқауында Қазақстан атынан қатысқаны есімізде. Онда жерлесіміз төртінші вице-мисс атағын жеңіп алды.
«Ғаламшар аруы-2015» байқауының алғашқы айналымында арулар өз елінің ұлттық көйлегінде, соңынан жүзу костюмінде сахнаға көтеріледі. Бірінші айналым қорытындысы бойынша «Көрермен көзайымы» аталымының иесі анықталады.
Байқаудың екінші айналымы мен жартылай финалы Ambasadori Kаchreti қонақ үйінде өтеді. Шешуші кезең – Bermukha мейрамханасында.
«Ғаламшар аруы-2015» сұлулар сайысында Грузияның намысын қорғау мәртебесі 18 жасар Лика Баблуаниге бұйырған.