- Advertisement -

Тараздың таза өніміне не жетсін!

96

- Advertisement -

Жамбылдықтардың азық-түлік өнімдеріне алматылықтар осылай десті

 Жамбылдық шаруалар өткен сенбіде Алматы қаласының «Астана» алаңында ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізді. Бұл шара Елбасының Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру жөніндегі тапсырмасына байланысты және «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай ұйымдастырылып отыр. 

 Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – тұрғындарға азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуға жағдай жасау, отандық тауар өндірушілерді қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу болып табылады. Азық-түлік тауарларын ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінен тікелей сатып алу тұрғындарға тиімді екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, қаз-қатар тігілген сауда орындарының маңында тұтынушылар қарасының көп болуы заңдылық еді. Алматылықтар Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы көрсеткен концерттік бағдарламаны да Әулиеатадан ескен самалдай қош көңілмен қабылдады.

 Іс-шараға аймақтағы 10 аудан және Тараз қаласының шаруалары, көкөніс пен бақша дақылдарын өсірушілер қатысты. Барлық ауданның басшылары мен орынбасарлары да аймақ өнімдерінің сатылуын қадағалап жүрді.

 – Сатылымға тіпті, асқабақ, қауын, қарбыз сынды өнімдер де шығарылды. Біздің ауданнан 1 тонна жылқы, осы мөлшерде сиыр және қойдың еті әкелінді. Сарысу ауданында көкөніс өндірілмейтіндіктен, шұбат, қымыз, құрт, ірімшік секілді басқа  өнімдермен қамтамасыз етуге тырыстық. Бағасына келер болсақ, тұрғындар үшін өте қолайлы деп ойлаймын. Мәселен, сиыр еті – 1050, қой еті – 1000, жылқының еті 1100 теңгеден сатылуда. 50 килограмм қоянның етін  де алып келдік,  –  дейді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкейтегі.

Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев жәрмеңкеге өз ауданынан 40  тоннадай ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінгендігін айтады.

– Біз әкелген өнімдер ішінде 20 тоннадай көкөніс, 5 тонна ет, 3 тонна сүт өнімдері және шұжық бар. Өнімдерінің тұтынушылар сұранысына ие болғанына шаруалар, қолжетімді бағамен алғанына қарапайым халық та разы, – дейді Мұратхан Жүнісәліұлы.

Елбасының тапсырмасына сәйкес өткізілген жәрмеңкені Алматы қаласы мен Жамбыл облысының әкімдері Бауыржан Байбек пен Кәрім Көкірекбаев бірге аралап шықты. Еліміздегі ірі мегаполистің басшысы алматылық тұрғындар үшін молшылық алып келген жамбылдықтарға риясыз ризашылығын жеткізді. «Алматы қаласы әкімдігінің басты міндеттерінің бірі – қала тұрғындарын сапалы әрі таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Алматылықтардың сапалы өнімді арзан бағамен сатып алулары маңызды», – деді Бауыржан Байбек.

Дәстүрлі жәрмеңкеге құны 110 миллион теңгеден астам 250 тоннаға жуық ауыл шаруашылық тауарлары ұсынылды. Атап айтқанда, 35 тонна ет, 12 тонна сүт, 150 тоннадан астам көкөніс-бақша өнімдері. Сонымен қатар, оңтүстік астана тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз ету мақсатында 18 тоннадан астам облыста өндірілетін басқа да тауарлар жәрмеңкеге шығарылды.  Олардың қатарында ара балы, қымыз, макарон өнімдері, өсімдік майы, тағы басқа тауарлар болды.

Облыс тауар өндірушілері Алматы қаласының тұрғындарына өз тауарларын 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынды. Сондықтан болар, жәрмеңкеге келушілер қарасында есеп жоқ.

– Жамбыл облысы ұйымдастырған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұнады. Халықтың көңілінен шығып жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Өнімдер мұндағы бағадан 20 пайыз төмен.  Өз басым осы жәрмеңкені пайдаланып, бір килограмм сиыр етін 1050 теңгеге алдым. Ал оны қаладағы базарлардан 1400 теңгеге аласыз, – дейді қос сөмкесін арқалаған Жұмакүл Ахметалиева есімді қала тұрғыны. Ал Дәулет Бақбергенов  есімді тұрғын болса жәрмеңкеге  жұбайымен таңсәріден келгендігін айтады.

– Бүгінде әлем экономикасында күрделі жағдайлар болып жатқандығы белгілі. Соған қарамастан, қарапайым халықтың жағдайын ойлаған Үкімет басшылары бағаның негізсіз өсуіне жол бермей отыр. Маған ұнағаны – мұнда ауылдан әкелінген табиғи өнімдердің молдығы. Шіркін, табиғи өнімге не жетсін?! Өнімдердің сапасы жоғары, экологиялық таза.  Бағалары да, сапалары да көңіл көншітерлік. Өзіміз ет, сүт өнімдерімен қоса, жеміс-жидектерді де алдық,  – дейді ол.

 2008 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келе жатқан бұл шара қос облыстың  қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, бағаны тұрақтандыруға да ықпал етеді деп күтілуде.

Наурызбек САРША, 

«Ақ жол».

Тараз – Алматы – Тараз. 

Суреттерді түсірген 

Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support