Мәдениет

Жамбылдың ізбасарлары сынға түсті

Жамбылдың ізбасарлары сынға түсті

Қалалық ақындар айтысында Н.Құрманов

бас жүлде иеленді

Ата Заңның 20 жылдығына орай Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Еркіндік пен теңдіктің кепілі – Ата Заң» атты қалалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасына он ақын қатысты.

Алғаш сахнаға ТарМПИ-дың студенті Дархан Әбдіманат пен шулық Нұрлан Жұмабеков шықты. Дархан доллар бағамының көтеріліп кеткенін жырына арқау етіп «Ақшадан қымбат менің тыныштығым» деп әдемі ойды қозғап өтсе, Нұрлан «Жәнібек пен Керей бабам хандық құрған, Балуан Шолақ атамды нар қып туған, Келіп тұрмын Шу өңірі алабынан» деп елдің рухын көтеретін өрелі сөзді айта білді. Екінші жұпта Мейіржан Жұмабеков пен Дидар Апбасов айтысты. Екеуінің әдемі айтысына көпшілік риза болды. ТарМУ –дың студенті Қанат Мырзахан мен ТИГУ магистранты Нұрлыбек Құрмановтың арасындағы айтыс жарасымды әзілмен әрленді. Дидар Басығараев пен Шалқар Кеңесбек, Айжан Сырымбетова мен Айтбек Тұрсынбай арасындағы айтыстар да тыңдарманын жалықтыра қойған жоқ. Ақтық сында Қанат Мырзахан мен Дидар (Апбасов), Нұрлыбек пен Нұрлан сөз сайыстырды.

Қазылар алқасының төрайымы, белгілі айтыскер Алтынкүл Қасымбекова мен Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Камила Абашова айтысты қорытындылады. Алтынкүл ақын әр ақынның өнеріне талдау жасап, тоқталып өтті. Сонымен, айтыстың бас жүлдесін (90 мың теңге) Нұрлыбек Құрманов иеленді. Жүлделі бірінші орынды Қанат Мырзахан (70 мың) олжаласа, Дидар Апбасов (60 мың теңге) екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орын (45 мың теңге) Нұрлан Жұмабековке бұйырды. «Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» деп Төлеген ақын жырлағандай, жүлдеге ілікпегендерге де 15 мың теңгеден сыйақы берілді. Айтыс жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломмен марапатталды.

Есет Досалы,

«Ақ жол».

Тараз қаласы.