Шіркін, «самалдың» шабысы-ай!..
Шіркін, «самалдың» шабысы-ай!..
«Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде жамбылдық
Ақжол жұматайдың тұлпары озды
Қазанат көрсе, қанаттанып шыға келетін исі қазақ жексенбі күні кешкісін теледидардан көз алмағаны анық. Ұлттық арнаның «Алтын тұлпар» аламанынан тікелей көрсетілім ұйымдастырғанына ризашылығын айта отырып, кең даланы көсіле шапқан сәйгүліктерге қарап сүйсінген болар. Басқаны қайдам, жамбылдықтар бұл бәйгеге шын жанкүйер болды.
Нағыз жүйріктер бауырын жазып, кең көсілетін аламан. 51 шақырымды құрайды. «Алтын тұлпар» десе, алтын тұлпар. Ұлттық ат спорты сарапшысының «Алматы мен Жамбыл облысының тұлпарларының бабы жақсы, солар үлкен үміт күттіреді» дегенін құлағымыз шалғанда, одан сайын еміне түстік. Соңғы айналымның бір шақырымы қалғанда жамбылдық Ақжол Жұматай астындағы «Самалды» қамшылай, суырылып алға шыға берді. «Иә, сәт» дестік іштей. Жүзден астам жүйріктің ішінен «Самал» қара үзіп, мәре сызығын жеке дара кесіп өтті.
Біз бұл жеңісті тарихи сәйкестікке баладық. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алтын тұлпар» дәстүрлі республикалық турнирінде бәйгені Жамбыл өңірінің сәйгүлігінің алуын жақсылыққа жорыдық. Ат иесі Ақжол Жұматайға 10 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. Жалпы, аламанға тоғыз жүлде тігілсе, оның үшеуі жамбылдықтарға бұйырды.
Бұл бәйге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бас демеушілігімен, «Нұр Отан» партиясы, Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді. Аталмыш шара аясында өткен «Ат сыншысы» байқауында Толыбай сыншы атындағы жүлдеге атақты атбегі Нәркен Қалыбеков ие болды. Сондай-ақ, Күреңбай сыншы атындағы жүлде ат сыншысы Жолкен Кенжеғұловқа, Шоқай сыншы атындағы жүлде Қалилла Жазғыбековке, Киікбай сыншы атындағы жүлде Алшынбай Ахметбайұлына бұйырды. Турнирде «Ат тағалау» сайысында төрешілердің шешімі бойынша бірінші орынды Бақытбек Жабар (Ақмола облысы) иеленсе, екінші және үшінші орындарды астаналық Мәдет Самұлы мен Бақытбек Бөлекбай еншіледі.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».