- Advertisement -

Мемлекеттік тіл – бірліктің бастауы

122

- Advertisement -

 65Ғалия 

Боранбаева, 

облыс әкімдігінің тілдерді дамыту 

басқармасының басшысы.

Тәуелсіз Қазақстан бүгінде 130-дан астам этнос өкілдерінің ортақ Отанына айналып отыр. Мемлекетке деген сенімділік пен қазақ ұлтына деген құрмет түрлі ұлттар мен ұлыстардың татулығына негіз болып, бір шаңырақ астына біріктіруде. Азаматтық, мәдени-рухани біртектілік мақсатын көздеген, бүгінде көптеген ұлыстардың бейбітшілік мекеніне айналған мемлекетімізге әлем қызыға да қызғана қарайтын дәрежеге жеттік.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде: «Біздің қоғамымыздың көптүрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Бүгінде бізді Мәңгілік Ел құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық культі, толеранттылық, шын берілгендік пен патриотизм біріктіреді. Мәңгілік Ел құндылықтары біздің бақуатты болашағымызға бағдарлама болады. Сондықтан, біз елдің бірлігі мен топтасқандығы үшін одан әрі де өзіміздің ортақ азаматтық біртектілігімізді нығайтуымыз керек», деді. Болашағымыздың елдегі біртектілік пен бірлікке байланысты екенін Мемлекет басшысының осы сөзі айқындап тұр. Себебі, халықтың бірлігі мен болашаққа деген сенімділігі мемлекет үшін қашанда маңызды. Ал ел бірлігінің іргетасы жүйелі мемлекеттік саясат пен ортақ мәдениет арқылы ғана қаланатындығы айқын.

Мәдениет те, саясат та тіл арқылы қалыптасады, тіл арқылы өмір сүреді. Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында, бірлік-берекесінің орнығуында шешуші рөл атқарады. Сондықтан да тіл мәселесіне аса құрметпен қарауға міндеттіміз. Президент бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін нақтылаған «100 қадам» — Ұлт жоспарының 86-қадамында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – Үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл қазақстандықтардың біртектілігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызатынын атап көрсетті. Осы ретте мемлекеттік тіл тағдыры ортақ біртұтас ұлтты біріктіре түсетін  құрал екенін айта кеткен жөн.

1997 жылы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп көрсетілген. Тәуелсіздік жылдарында осы Заңды орындауға бағытталған көптеген заңнамалық құжаттар қабылданды.

Мемлекеттік тілді дамытудың стратегиясын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынды. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге, елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет», – деп Үкіметке тілдерді дамытудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қазіргі таңдағы қоғамның барлық саласында тілдерді дамыту мен қолдану және мемлекеттік тілді кең ауқымда қолдану барысындағы өзекті проблемаларды шешудің нормативтік-ұйымдастырушылық негізі болып табылады. Елбасы атап көрсеткендей, бағдарламада 2017 жылы мемлекеттік тілді еркін меңгерген қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу, 2020 жылы 95 пайыздан кем болмауы тиіс деген нақты мақсат-міндет көрсетілген. Сонымен қатар, ел бірлігі доктринасында да мемлекеттік тіл ұлттық және рухани бірліктің басты факторы, негізгі басымдығы ретінде айқындалып, қазақ тілін меңгеру әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті саналып, жеке өзінің бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге араласуының белсенділігін айқындайтын ынталандырушы тетікке айналуы керектігі айтылған.

Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілге құрметпен қарайды. Олардың тіл білуге деген ниеті, ынтасы ерекше. Облыс әкімдігі  тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі өңірдегі тілдік ахуалға талдау жүргізілген зерттеулерінің нәтижесі осыны көрсетеді. Зерттеу қорытындысында жалпы облыс тұрғындарының 95,02 пайыздан астамы мемлекеттік тілді жетік меңгергені анықталды. Оның ішінде 80-нен астам этнос өкілдерінің көрсеткіші 54 пайызды құрап отыр. Бұл – Елбасының сарабдал саясатының жемісі.

Басқарма жанындағы Мемлекеттік тілді оқыту орталығында мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген кез-келген азаматқа қазақ тілі тегін оқытылады. Қазіргі уақытта орталықта 26 этностың өкілі қазақ тілін үйренуде. Орталық жыл сайын мыңдаған тыңдаушыларға қазақ тілін меңгертіп шығартуда. Мәселен, 2013 жылы 2257 тыңдаушы төл тілімізді үйреніп шықса, 2014 жылы тыңдаушылардың саны 2780-ді құраған. 2007 жылдан бері орталық 12 мыңнан астам адамға қазақ тілін  меңгеріп шығуға мүмкіндік берген.

Жалпы, облыс бойынша соңғы үш жылдың ішінде  өзге ұлт өкілдері тыңдаушыларының саны артып отырған. 2013 жылы – 1696, 2014 – 2108, ал үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде 1150-ді құрап отыр. Яғни, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген сұранысы жылдан-жылға көбеюде. Тыңдаушылардың ішінде орыс, өзбек, түрік ағайындардан бөлек, беларусь, поляк, грек, қытай тағы басқа ұлттардың өкілдері көбірек. Биылғы бірінші жартыжылдықтың көрсеткіші бойынша тыңдаушылардың басым бөлігін, яғни 52,5 пайызын орыстар, 18,5 пайызын дүнгендер, 5,4 пайызын өзбектер, 4,1 пайызын күрділер құрайды. Неміс, әзірбайжан, украиндар да бар. Қазақ тілін үйрену этнос өкілдеріне еліміздің, өлкеміздің бай тарихы мен мәдениетінен сабақ алып, салт-дәстүрімен тереңірек танысуына да мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Сондай-ақ, балаларының балабақшада қазақ тілін үйреніп, тәрбиеленуіне және қазақ тілді мектептерде білім алуына ықылас білдіруші өзге ұлт өкілдері көбеюде. Облыстағы жалпы білім беретін мектептерде 6000-нан астам өзге ұлт баласы қазақ сыныбында оқыса, 3000-нан астам бүлдіршін қазақ  балабақшаларында тәрбиеленуде. Бұл – өзге ұлт ұлыстарының мемлекеттік тілдің келешегіне сеніп, үміт артуының бірден-бір дәлелі.

Қазақстандық біртектілік пен бірлікті қалыптастырушы – ортақ мәдениет пен тіл. Мемлекеттік тіл татулықтың негізіне айналған. Бұған, Мемлекет басшысы айтқандай, тіл мәртебесін көтеру, тұтастықты сақтауда барлық жауапкершілікті мойнына алған қазақ халқы ұйытқы болуда. Қазақтар бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастыруда өзге ұлт өкілдерін біріктіруші рөлге ие. «Біз «халық бірлігінің» еш жерде бұған дейін қайталанбаған, бірегей моделін қалыптастырудамыз! Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген ортақ махаббат біріктіреді. Екіншіден, бізді байырғы жеріміздің тарихына және тілдерді дамытуға деген көзқарастағы қоғамдық келісім біріктіреді. Үшіншіден, бізді бүгінгі ауқатты шағымызға және ұлы болашағымызға деген зор сенім біріктіреді», деген Елбасының сөзі  әрбір қазақстандық азаматқа ой салуы тиіс. Бірлік пен біртектілікке қызмет ететін ортақ тіліміз бен ортақ мәдениетіміздің өркендеуі жолында саналы қызмет ету баршамыздың парызымыз екенін естен шығармайық!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support