Әлеумет

Таразда үшем дүниеге келді

Таразда үшем дүниеге келді

сәбилер Нұрсұлтан, Бексұлтан және Айсұлтан есімдерін иеленді

 Тараз шаһарында тағы да үшем дүние есігін ашты. Биыл өңірімізде осымен үшінші үшемнің өмірге келуі бұл. Ағалы-інілі үш сүйкімді сәби Тараз қалалық коммуналдық қызметтерге  есеп айырысу орталығында бөлім басшысы болып қызмет ететін Нұрлан мен Айсұлу Бейсеқұловтардың үйіне осылай айрықша қуаныш әкелді. Бұған дейін екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отырған отбасы осылай бірден үш «атұстармен» толықты. 

Ақжолтай хабар құлағымызға тиісімен облыстық перинаталдық орталыққа тездеп жеткенбіз. Мұндағы дәрігерлер ананың да, үш сәбидің де бақылауда ұсталынып отырғанын, жағдайлары қалыпты екенін айтты. Жүктіліктің 34 аптасында операциялық жолмен туылған үш баланың әрқайсысыныңкі – 2,462 келіден, салмақтары да бірдей екен. «Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Себебі, жалпы стандарт талаптары осы көрсеткішке сай келіп тұр. Көбінесе, егіз, үшемдердің салмағы мұндай деңгейге жетпей туылады», – дейді облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Ғалима Төлепбергенова.

Үшемнің анасы 35 жасар Айсұлу Бейсеқұлова: «Айрықша қуаныш сезімін бастан кешулімін. Әсіресе, ұлдарымыздың атын қоюға келгенде біраз «терлеуімізге» тура келді. Өзім көп балалы отбасынан шыққанмын. «Көп бала көгергенімізге жақсы» ғой. Алла менің де тілеуімді қабыл етті. Содан да олардың есімдері мағыналы болса дедік. Жұбайым екеуміз көп ойланып барып, дүние есігін алғаш ашқанының есімін Президентіміздің құрметіне Нұрсұлтан деп қоюды жөн көрдік. Екіншісін Бексұлтан (атамның есімі), үшіншісін  Елбасының немересімен аттас болсын деп Айсұлтан атадық», – деді бізбен сұхбатында.

Қазіргі уақытта сәбилердің анасы мен бүлдіршіндерінің жағдайы жақсы. Олар облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлердің жіті бақылауында. Бұрнағы күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы атынан үш нәресте мен олардың аналарына сәбилер арбасы мен жаңа туғандарға арналған жиынтық түріндегі сый-тартулар табыс етілді. Аталған басқарма басшысының орынбасары Айгүл Қалдыбаева ағалы-інілі үшемнің дендері сау болып өсіп, ертеңгі күні еліміздің игілігін үстер азаматтарына айналуына тілектестігін жеткізіп, жаңа босанған ананы жүктілік кезінде ұдайы бақылауда ұстаған № 6 қалалық емхана мен аман-есен босандырып алған облыстық  перинаталдық орталығы дәрігерлерінің еңбегін атап өтті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке қарағанда, аталған орталықта жыл басынан бері 4 мың 868 сәби дүние есігін ашқан, олардың 69-ы – егіз. Жалпы, облыс бойынша ағымдағы жылы бүгінгі күнге дейін 17 мың 799 нәресте өмірге келіпті.

 

Баймаханбет АХМЕТ, 

«Ақ жол».