- Advertisement -

Табыс сыры – тамшылатып суаруда

92

- Advertisement -

 «Аманкелді» өндірістік кооперативінің пиязды алқабына асығып жеттік. Қапталып, текшелене жиналған өнімді әлекедей жалаңдаған жігіттер кезекте тұрған «КамАЗ»-ға артып жатыр екен. Алқаптың ортасындағы екі трактордың бірі пияздың сабағын шөп-шаламымен қоса қырқып бара жатса, екіншісі жүйекті босатып барады. Кооператив төрағасы Қасымхан Қанаев мол өнім алуға қалай қол жеткізгендерін әңгімеледі. «Сулы жер – нулы» демей ме аталарымыз. Ең тиімді тәсіл – тамшылатып суару. Еңбек өнімділігінің сыры да осында. Көріп тұрғандарыңыздай, осы тәсіл арқылы өнім мол болды. Арықпен суару уақытты да алатын, суды да ысырап ететін.     

– Тамшылатып суару қай жағынан алып қарасаңыз да үнемді. Мәселен, арықпен суару үшін бір гектарға 30 текше метр су жұмсалса, тамшылатып суарғанға небәрі 3 текше метр су қажет. Оның үстіне он шақты сушының орнын бір оператор алмастырды, – деді ол.

Агроном Расул Юнусов, бригадир Әбдімәлік Шарипов және сушы оператор күндіз-түні егіс басында жүреді. Агроном пияздың өсіп-өнуін қадағаласа, Әбдімәлік ұйымдастыру жұмысына жауапты. Ал жиын-терімге тартылған 100-ге жуық адамның көпшілігі жергілікті тұрғындар көрінеді.

Жиналған пияз Тараз қаласынан бастап, Астана, Алматы, Павлодар секілді қалаларға сатылымға шығарылуда. Биыл Ресей мен Қырғызстаннан да сұраныс түсіп жатқан көрінеді. Осы күнге дейін 30 гектардан пияз жинап алынса, оның әр килограмы 23-25 теңгеден өткерілуде.

Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді демекші,  тамшылатып суару арқылы бейнеттің берекесін көрген аманкелділік дихандардың жиын-терімді бастағанына 15-16 күн болыпты. Жауын-шашын болмай, күн райы жылы қабақ танытып тұрса, енді 13-14 күнде аяқтаймыз дейді. Бұрын олар ескі әдіспен әр гектардан 45-50 тонна пияз алатын. Қазіргі жетістігі – гектарына108-110 тонна.

Дүйсенбек Орманов,

журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support