Серіктестіктің табыс көзі
Серіктестіктің табыс көзі
Қордайдағы тауарлы сүт өндірісімен айналысатын шаруашылықтың бірі – «Нұрал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестіктің сиыр фермасындағы 360 мүйізді ірі қараның 120-сы – сауын сиыр. Тәулігіне сауылған сүт бір тоннадан асады. Оны «Фудмастер» сүт қабылдаушылары сонау Алматыдан өздері келіп алып кетеді. Бір литр сүттің бағасы қыс айларында 98 теңге болса, қазір 92 теңгеден өткерілуде. Серіктестіктің бас зоотехнигі әрі сүт кешенінің меңгерушісі Абдумалик Денелханов әңгіме арасында сауын табыны жартылай қолда ұсталып, бағылатынын айтып қалды. Қолға қараған сиырлардың сүттілігінің сыры мынада. Сүт өндірісі бағытында ұсталған мал күніне бір мезгіл өріске шығарылып, екі қайтара шабылған ескі жоңышқалықта және астығы орылған аңыздарда жайылып, кешқұрым құрама жем мен туралған көкбалаусаға бас қоятын көрінеді. Ал қыста толық қолға қарайды екен.
Негізінен мұнда сауын сиырдың қараала сүтті тұқымы өсіріледі. Мемлекет қамқорлығындағы асыл тұқымды мал шаруашылығы қатарына енген серіктестік былтыр күзде солтүстік облыстардан асыл тұқымды 60 құнажын әкеліп, сүт өндірісінің ұлғаюына ден қойған. Қазір сауылуға қойылған 98 сиырдың әрқайсысынан күніне алынатын алты литр сүттің майлылығы 3,7 пайызды құрап отыр.
«Сиырдың сүті – тілінде» демекші, малға әр литр сүтке шаққанда 300 грамнан ұнтақталған арпа, жүгері, бидай қалдықтарымен байытылған құрама жем берілуде. Бір жасқа дейінгі бұзауларға тартылған сүт берілетін көрінеді. Жемнен де шектеу жоқ. Қыста мал толық қолға қарағанда берілетін жемшөп қоры ферманың өз аумағына жиналуда. «Жоңышқадан 1200 тонна пішендеме бастырылып, 3000 тоннадан аса шөп дайындалды. 250 гектар дәндік және 50 гектар сүрлемдік жүгерінің орымы әлі алда», – дейді фермерлер.
Серіктестік басшысы сауыншы Күміс Көпесова, Сапура Талипова, Асия Шамуза, бақташылар Есбол Рахметов, Роман Маткаликов, азық таратқыш механизатор Құрал Әлмаханов, бригадир Низам Бакшалиевтің есімдерін ілтипатпен атайды. Сауылған сүтті салқындатып-сақтап, қабылдаушыларға сапалы түрде өткізуге барынша жағдай жасалған. Міне, осылай әркім өз жұмысын тыңғылықты атқаруда. Сол еңбектерінің арқасында сүт өндірісі серіктестіктің табыс көзіне айналған.
Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».
Қордай ауданы.