- Advertisement -

Мүгедектердің қолынан көп нәрсе келеді

69

- Advertisement -

Қоғам тарапынан мүгедек жандарға жылы қабақ танытылуға тиіс. Әсіресе, олардың кедергісіз жүріп тұруы, мекемелер басшылары қабылдауында болуының қолжетімділігі қамтамасыз етілгені жөн. Әсіресе, мұндай санаттағы жандардың қолөнер бұйымдарын жасаумен, сурет салумен, жеке кәсіпкерлікпен, шығармашылықпен айналысатындарының қабілеті ашылуына қолдау, көмек көрсетіліп, жұмыспен қамтылып жатса, тіпті, құба-құп. 

Осы орайда өңірдегі «Асар» заңды тұлғалар бірлестігі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жастар саясаты мәселелері басқармаларының әлеуметтік жобалары аясында мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балалар қолынан шыққан кәдесыйлар, суреттер, көрпе, жастықтар, түйме-тарақтар, кеңсе тауарлары түріндегі қолөнері бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Бір жағынан бұл шара мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының мемлекеттік әлеуметтік жобалар аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып, олардың шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндігін танытуына қаншалықты үлес қосқанының да көрсеткішіндей болды. «Асар» бірлестігі жанынан ашылған цехта дайындалған тас тақталар үлгілері де келушілердің қызығушылығын туғызды. Мүмкіндігі шектеулі бола тұрса да көрпе, жастық, басқа да қыз жасауларын дайындайтын жеке кәсіпкерлік нысанын ашып, 3 адамды жұмыспен қамтып отырған Анара Бексұлтанова да көрмеге құр қол келмепті. Ол былтыр әлеуметтік жоба бойынша ұтып алған үш миллион теңгенің өздеріне қажетті құрылғылар сатып алуға толық жеткенін айтады. I топтағы мүгедек Камила Рыспекованың көрмеге қойылған картиналары да көздің жауын алады.

Шараға облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы», «Мүгедек жастар қоғамы», қалалық «Тараз», «Нұр бала» қоғамдық бірлестіктері секілді ондаған мекеме белсене атсалысты.

Облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Руслан Төлегеновтің айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады, ал көрме-жәрмеңкеге қойылып көрсетілген қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттарды сатудан түскен қаржы мүгедектерді жұмыспен қамту желісі одан әрі кеңейтілуіне жұмсалатын болады.

Баймаханбет АХМЕТ, 

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support