Былғарының бабын білген
Былғарының бабын білген
Бақытжан Тұрған – қарапайым еңбек адамы. Отбасын құрған соң, көп ұзамай жиырма жыл бұрын Тараз қаласына жол тартыпты. Жігіт жасы жиырмадан жаңа асқан кезі. Ата-анаға масыл болмай, өз күнін өзі көру үшін жасаған қадамы. Саудамен айналысып көрді. Тапқаны жалдаған пәтерақысынан бөлек, отбасына күнделікті қажетті азық-түлікке жетіп тұрды. Сосын қолынан келетін етікшілік кәсіппен шұғылдануға бел байлады. Себебі, жалдамалы пәтеріне жақын «Салтанат» базарының маңында етік тігетіндер бар еді. Барлығы – түрік ұлтынан. «Сонда бұл жұмыс қазақтың қолынан келмей ме? Қолымыздан келетінін мен көрсетейінші» деп ой түйді. Сөйтіп, сол «Салтанат» базарының алдында ашық алаңда төрт жыл етікшілікпен шұғылданды. Табысы да еселене түсті.
Бұл күнде Бақытжан Тұрғанұлының жеке шеберханасы бар. «Салтанат» базарының маңында. Бәкеңе тапсырыс берушілер жетерлік. Жұмысы сапалы. Лайықты жұмысты бағалайтындар Бақытжанды іздеп табады. Бәкең аяқ киімнің барлық түрін өте сапалы жөндеп бере алады. Шебер десе шебер. Соңғы жылдары табыстың тағы бір көзін тапты. Тараздағы «Томирис» базарынан керегін алады да аяқ киім тігіп сатады. Әрине, мұндай кәсіп шын шебердің ғана қолынан келсе керек. Бақытжанның қолынан шыққан аяқ киімге қызығып, сүйсініп қарамау мүмкін емес. Барлық жұмысы үйлесімді, жарасып тұр. Мұнда жаздық, күздік, қыстық аяқ киімдердің түрлері бар. Әр маусымдағы сұранысқа қарай өзгеріп отырады. Іздеген аяқ киіміңді осы жерден табасың. Бағасы әртүрлі. Дегенмен, төрт-бес мың теңгеден төмені жоқ. Тауарын тұтынушылар аз емес. Тәулігіне кемі екі етік өтіп тұр. Жиырма жылдың тәжірибесі бар Бақытжанның он саусағы он кісі дерсің. Тігіс тіккенде қолы қолына жұқпайды. Асыл жары Сәуле екеуі екі перзент тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда Бақытжан тәулігіне он етік жөндейді. Сатқаннан түсетін пайда өз алдына. Өз ісінің нағыз шеберіне айналды.
Бақытжанның ендігі арманы – талабы бар жас жігіттерді етікшілік өнерге баулу. Әрине, нарық заманы болған соң бұл жұмыс ақылы жүргізіледі. Үйренушілер айына 10 күн бойы келеді. Келгенде олар қағаз-қалам ұстамайды, жазып-сызбайды. Жұмысты шебердің жұмыс жағдайынан іс жүзінде үйренеді. Бақытжан тігіп отырады, балалар көз жазбайды.
«Ерінбеген етікші болады» деген бар. Етікшілік – бұрыннан келе жатқан үлкен дәстүрлі өнер. Етікті былғарының бабын білген, жұмыстың жөнін білген адам тігеді. Өнер кім көрінгенге қонбайды.
– Бұл жұмысты мен бала күнімнен үйренгенмін. Содан қол үзген жоқпын, машығыма айналды. Бұл үшін еш жерден арнайы оқу оқыған емеспін. Бірақ, өмірдің өзінен, мықты етікшілерден көп нәрсе көңілге тоқыдым. Өмір мектебінен өттім. Енді сол білгенімді өзгелерге де үйретсем деймін. Үйрену ақылы жүреді. Ол – нарық заңы, «саудада достық жоқ», – дейді етікші Б. Тұрған.
Жұмыстың көптеген шеберлері ісін өзгеге үйреткілері келмейді. Мен ғана табыс тапсам дейді олар. Ондай ой Бәкеңнен мүлдем байқалмайды. Былғарының бабын тапқан Бақытжанның еңбегін біз де қоштадық.
Есет Досалы,
«Ақ жол».
Тараз қаласы.