- Advertisement -

Көгілдір отынның артықшылығы көп

99

- Advertisement -

6Мұнайлы ел – шырайлы ел. Бүгінгі таңда еліміздің саяси және экономикалық мән-мазмұнын мұнай-газ кешенінсіз көзге елестету мүмкін емес. Бұл сала республикамыздың дамуының локомотиві, ырғақты және тұғырлы экономикамыздың іргетасы болып табылады. Ал 1998 жылдан бері қыркүйектің бірінші жексенбісі – Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні ретінде аталып келеді. 

Жалпы, Қазақстанның мұнайлы мемлекет атануы осыдан 16 жылдай бұрын Қарашүңгіл жерінде бұрғыланған ұңғыдан атқылаған алғашқы «қара алтыннан» бастау алды. Содан бері мұнай экспорттың басты тармағы және валюттік түсімдердің негізгі көзі болып келеді. Соның арқасында біз бір емес, бірнеше әлемдік дағдарысты артта қалдырдық.

Қазақстан газы, негізінде, мұнаймен және газ конденсатымен бірге өндіріледі. Мұнай-газ компания-лары газ әлеуетін айтарлықтай арттыру үшін мол инвестициялар салуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, газ өндіру секторын дамыта отырып, Үкімет аймақтарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге барынша ден қоюда.  Мәселен, біздің облысымызда он аудан болса, соның 8-і толығымен дерлік газдандырылды. Жүргізілген газ құбырларының жалпы ұзындығы 3891 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1368 шақырымы Тараз қаласына тиесілі. Ал газ реттегіш бекеттерге келер болсақ, бүгінде олардың саны – 83. Шкафтық газ таратушы бекеттер – 1099. Жеке-дара орнатылған газ таратушы бекеттер – 7759 бірлік.

Облыс бойынша газдандырылған пәтерлер саны 162760-қа жетіп отыр. Ал табиғи газ жүргізілген өнеркәсіптік мекемелер – 167, коммуналдық-тұрмыстық мекемелер – 4077.

Қазіргі уақытта 2011 жылы басталған «Тараз қаласының газтаратушы жүйелерін жаңғырту» жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 260,25 шақырым (99%) жерасты газ құбыры төселді. 123 шақырым немесе 64 пайыз болат газ құбыры құрастырылды.

Тәуелсіздік алғалы еліміз талай сындарлы кезеңдерді басынан кешіргені баршамызға мәлім. Сол секілді, біз де табанды еңбектің, ынтымақты ұжымымыздың арқасында  біраз қиындықты еңсере білдік. Егемендіктің елең-алаңында, қақаған қыстың қарашұнақ аязды, күздің жаңбырлы күндерінде газдың жиі-жиі өшіп қала беретін кездері де болды. Сондықтан тұтынған газ үшін тұрғындардан ақша жинаудың өзі үлкен қиындықтар туғызатын. Бірақ, соған қарамастан, аз уақыт ішінде біз халықтың сеніміне кіріп, пайдаланылған  көгілдір отынның ақшасын уақтылы төлеуге үгіттеп, қауіпсіз және тұрақты түрде газбен қамтамасыз ете білдік.

Әйткенмен, бәрінен бұрын газдың қауіптілігін азайтуға көп көңіл бөлдік. Өйткені, 2000-ыншы жылдарға дейін  газ пайдалану ережесін сақтамағандықтан, білместіктен қайғылы оқиғалар ұдайы орын алып отырғаны жасырын емес. Сол себепті 2004 жылы газ тұтыну ережелері жазылған түрлі түсті 300 мың парақша шығарып, халыққа тараттық. Үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде көгілдір отынның кесірінен орын алған қайғылы оқиғалар саны еселеп азайды.

Сонымен бірге, бүгінде біз өз саламызда тек табиғи-сейсмикалық апаттарға төзімді, сапалы материалдардан жасалған газ құбырларын жүргізуді, жаңа заман талабына сай қондырғылар орнатуды қолға алып келеміз.

Қазіргі таңда әлем халқы тағы бір дағдарысты бастан кешуде. Алайда, талай қиын-қыстау кездерді артта қалдырған біздің саламыз, ұжымымыз үшін бұл тек кезекті сынақ, кезекті шыңдалу сәті. Біздің жұмысымызға бұл жайттың кедергі келтіруіне жол беруге еш хақымыз жоқ. Өйткені бізді алда халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдете түсу бағытында атқаратын  біраз шаруалар күтіп тұр.

Мен жұмысы ауыр, бейнеті көп мұнай-газ саласында жүрген барша қазақстандықтарды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Мұнай-газ кешені – еліміздің өсіп-өркендеуі бағытындағы ең негізгі сала болғандықтан, жүктелер міндет те орасан. Сол мақсат-міндетті әрбіріңіздің абыроймен, жемісті атқара берулеріңізге тілектеспін!

Болат МҰРТАЗАЕВ, 

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ 

Жамбыл облыстық өндірістік филиалының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support