Бас мүфти “арабтың ұлттық киімін киіп алатын жастарды” еліктегіш деп атады
Бас мүфти “арабтың ұлттық киімін киіп алатын жастарды” еліктегіш деп атады
Исламда тамақ пен киімнің түріне сүннет жоқ. Басқа ұлттың кимін киіп жүргендер Исламды дұрыс түсінбейтіндер. Қазақтың киімін киіп-ақ әурет жеріңді жаба аласың. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасының сөздерін ҚМДБ-ның баспасөз қызметі келтіреді.
Бас мұфти Ержан қажы Малғажыұлы кеше Астанадағы «Президент телерадиокешені» ғимаратында белсенді жастармен кездесуі кезінде осылай деп мәлімдеді.
«Біздің жастарымыз еліктегіш қой. Кейбір балалар Пәкістанның кимін киіп жүреді. Кейі арабтың, кейі үндінің кимін киіп алады. Оны өздерінше «сүннет» деп түсіндіріп бағады. Исламда тамақ пен киімнің түріне сүннет жоқ. Басқа ұлттың кимін киіп жүргендер Исламды дұрыс түсінбейтіндер. Мен өзім Семейде имам болып тұрғанда Пәкістанның кимін киіп жүргендердің талайын шақырып алып: «сүннет – пайғамбарымыздың істеген істері. Пайғамбарымыз дінді Араб түбегінен (хиджаз) таратқан кезде Пәкістан мемлекеті болды ма, болса олар ислам дінін қабылдады ма? Пайғамбарымыз күріш жеген екен деп 24 сағат күріш жемейміз ғой. Тамақ пен киімнің түріне сүннет жоқ» деп айттым. Бауырларымыз түсінбеушіліктен солай жүреді», – деген Бас мүфти дінді дұрыс ұстанумен қатар, киімді де талғаммен кию керектігін айтты.
«Исламда ұятты жерін жабу деген бар. Бірақ, қазақтың киімін киіп-ақ әуретіңді жаба аласың ғой. Бұрынғы заманда ата-әжелеріміздің киімдері қандай әдемі болған. Тіпті, ол заманның киім-кешегі адамның жасын, дәреже-деңгейін де айқындаған», – деді Ержан Малғажыұлы.