Денсаулық

Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты

Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты

Кеше «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі бар «Союз-ФГ» зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин алаңынан сәтті ұшырылды. Халықаралық ғарыш стансасынан сәтті ұшқан негізгі экипаж құрамында ресейлік ғарышкер Сергей Волков (командир), Еуропа ғарыш агенттігінің ғарышкері Андреас Могенсен мен қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов бар. Ғарыш кемесі орбитадағы стансамен 4 қыркүйек күні түйіседі деп жоспарланған. ХҒС-да оларды ресейліктер Геннадий Падалка, Михаил Корниенко мен Олег Кононенко, америкалық астронавтар Скотт Келли мен Челл Линдгрен, сондай-ақ жапон астронавты Кимия Юи қарсы алмақшы. Кеме командирі Сергей Волков орбитада 188 тәулігін өткізсе, отандасымыз бен даниялық ғарышкер ғарышта 10 күн болады. Күні кеше ҚХР-да іссапармен жүрген Елбасымыз ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетовпен телефон арқылы сөйлескен болатын. Мемлекет басшысы әңгіме барысында Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары отандық ғарыш саласының одан әрі дамуына серпін беретін және Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін нығайтуға қызмет ететін айшықты оқиға екенін атап өтті. Соңында Елбасымыз ғарышкердің Халықаралық ғарыш стансасына экспедициясы табысты болуына және оның алдына қойылған барлық міндеттің орындалуына тілектестігін білдірді. Естеріңізге салып өтсек, бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Айдын Айымбетовке Қазақстанның мемлекеттік Туын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЭКСПО-2017» жалауын тапсырып, ғарышқа аттанатын экипаж мүшелеріне сәттілік тілеген еді.

«Ақ жол-Ақпарат».