Денсаулық

Тарихи тойға тарту

Тарихи тойға тарту

12«Мәңгілік Ел»  монументі қыркүйектің  соңында тапсырылады Қазақ  хандығының  550  жылдық мерейтойына   орай  Тараз қаласындағы нысандарда жүргізіліп  жатқан құрылыстардың басым көпшілігі   аяқталуға  жақын  болса, бірқатарында жұмыс қыза түскен.  Тәуке  хан  көшесі  бойындағы  іргесі қаланып  жатқан  «Мәңгілік  Ел» монументінің құрылысы  күн санап биіктеп барады.   Нысанның    мердігері – Юрий  Минаков басқаратын «Жамбылхим-стройинжинеринг»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.  Маусым айында  басталған жұмыс бүгінде кәдімгідей қарқын алып келеді.  Құрылыс басындағы жұмыс жүйелі жүргізілуі  үшін  жүзге жуық адам талмай тер төгуде.  Сонымен, қатар 25  техника  жұмылдырылған. Жобаның  жалпы құны 256,4 миллион теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңі бойынша аумақты абаттандыру және  автотұрақ  салу жұмысы  аяқталып келеді. Мұндағы тоғанды  жөндеу,  көпір салу, тас төсеніштер төсеу, негізгі  монументтің іргетасын  қалау  жұмыстарында  бірнеше қосалқы компаниялар еңбек етуде. Мәселен, «ҚазАртСистем» және «Кереге»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің  жұмысшылары да кешендегі тарихи  құрылысқа өз қолтаңбаларын қалдыруда. Тараз қаласы әкімдігі құрылыс  бөлімінің  басшысы  Нұрбол Қалдыбаев: «Бұл құрылыстың  ең ерекше архитектуралық  шешімі Жәнібек  пен Керей  ханның тақта  отырған  сәтінің  бейнеленуі  болмақ. Бұл  шешімді еліміздің Мәдениет  және спорт министрлігі  жанындағы  мемлекеттік  комиссия мақұлдады. Сондықтан,  Қазақ хандығының  негізін  қалаған екі  ханның бейнесі бой көтерер  күн алыс емес», – деді. «Мәңгілік Ел»  монументінің ұзындығы  30 метрдей  болмақ. Бастысы, тарихи  тойға арналған  еңселі  монумент  алыстан көз тартып,  көрініп  тұратын болады. Қала тұрғындары мен қонақтары келіп аралайтын, өткенге  ой таразылайтын орынға  айналмақ.

Есет Досалы, «Ақ  жол». Тараз қаласы.