Ақын мұрасы ұлықталды
Ақын мұрасы ұлықталды
Қазақ халқының ойшыл ақыны, философ Абай Құнанбаевтың 170 жылдық торқалы тойы еліміздің барлық аймағында ауқымды іс-шаралармен аталып өтуде. Дана Абайға құрмет облысымызда да толастар емес. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының мәжіліс залында «Әлемге танылған Абай» атты облыстық конференция өтті. Жиынды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты «Жастар орталығы» мекемесі мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. Конференция жұмысына Абай әлемін зерттеушілер, студент жастар, жас ақындар, кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Шараны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты «Жастар орталығы» мекемесінің директоры Талғат Шайхиев ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Абайдың даналығына, даралығына тоқталып, ақын сөзінің бүгінгі күнге мазмұнын бұзбай жеткенін, барша жастарға Абай мұрасы үлгі екенін айтып өтті. Конференция барысында «Әлемге танылған Абай» атты облыстық мүшәйраның қорытындысы шығарылды. Қазылар алқасының шешімімен жуалылық Арайлы Жақсылық мүшәйра жеңімпазы атанды. Жүлделі екінші орынды меркілік Сәндібек Пренов пен тараздық Шынболат Сейдуалиев өзара бөлісті. Үшінші жүлдені Нұрлан Жұмабеков пен Ғалия Бораш иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Конференцияға қатысушылар қарар қабылдады. Қарарда жас тұлғаны тәрбиелеудегі рухани-адамгершіліктің көзі ретінде Абай Құнанбаевтың адамгершілік, өмір, рухани байлық туралы кемеңгер ойларын білім беру мекемелеріндегі әдістемелік бірлестіктердің оқу үрдісіне енгізу, Абай мұраларын философиялық, психологиялық, лингвистикалық тұрғыдан ғылыми бағыт ретінде қарастыру, А.Құнанбаевқа арналған конференцияны жыл сайын дәстүрлі өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Есет Досалы, «Ақ жол».