Спорт және туризм

Боз кілемнің баһадүрі

Боз кілемнің баһадүрі

Дзюдодан  қазақ оғландарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, жерлесіміз Елдос Сметовті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, үш бөлмелі пәтер кілтін тапсырды Шыны керек, қазақ оғландары татамиде атой салып, қашан мерейімізді асырады деп жүретінбіз. Ол күнге де жеттік. Астана төрінде өткен дзюдодан әлем біріншілігінде жамбылдық жампоз Елдос Сметов топ жарғанда, жанарымызға жас үйірілді. Жапон күресінің қыр-сырын жетік меңгерген 60 келідегі саңлағымыз бұған дейін Азия ойындарында да теңдессіз екенін байқатқан болатын. Иә, сол кезде де мерейіміз тасып, көңіліміз толқыған еді. Төрткіл дүниенің теңдессізі атанған Елдос Сметовке жерлестері де құрмет көрсетті. Тұңғыш Президент саябағына жиналған жұртшылық «Жарайсың, Елдос!» деп ұрандатып батырын қарсы алғанда, жүрегіміз тағы да атқақтады. Әлдебір тылсым сезім бойымызды билеп алды. Әлем чемпионын алдымен қала әкімі Нұржан Календеров құттықтап, ізгі тілегін арнады. Мұнан соң қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қаржаубай Бекболатов та жылы лебізін білдірді. Чемпионның қазіргі бапкері Ғалымжан Жылкелдиев те шәкіртінің жеңісі үлкен мерей екенін айтып, алдағы додаларда да биіктерден көрінетініне сендірді. Кейіннен ел мақтанышы Елдосты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жеке қабылдап, үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл мен қазіргі бапкері Ғалымжан Жылкелдиевке 1200000 теңгенің сертификатын да қоса табыстады. «Айналайын Елдос, мен саған қатты ризамын. Біз Жақсылық Үшкемпіровпен мақтанатынбыз. Екінші Үшкемпіров енді сенсің! Дзюдо – жапон күресі. Бірақ біз қазақтың кім екенін көрсеттік. Елдос, жеңісің құтты болсын! Бұдан да үлкен сындарда жасындай жарқырай түс!», – деді Кәрім Нәсбекұлы әлем чемпионына ізгі тілегін білдіріп. Елдос Сметов, дзюдодан әлем чемпионы: «Басты мақсат – олимпадада топ жару» – Елдос, сенің барлық жарысыңды, жетістігіңді бақылап жүреміз. Азиаданы ел дзюдошыларынан тұңғыш болып сен жеңдің. Әлем чемпионатында қазақ дзюдошыларының арасынан алғаш өзің топ жардың. Тұңғыш чемпион атану деген үлкен жауапкершілік қой, қандай сезімде болдың? – Әрине, керемет сезімді бастан кешесің. Алайда, менің бір білетінім, менен кейін де үлкен додаларда топ жаратын саңлақтарымыз көп. Алла қаласа, әлі талай дзюдошылар ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды желбірете береді деген ойдамын. Ендігі меже – олимпиада асуы. Төртжылдықтың басты байрақты бәсекесінде топ жару – барлық спортшының арманы. Бір ай алаңсыз тыныққан соң сол мақсатқа жету жолында жаттығу залында талмай тер төгетін боламын. Ахмет Жұмағұл, Елдостың алғашқы бапкері: «Бес жасында жаттығу залына келіп, алты жасында чемпион болды» – Елдостың алғашқы бапкерісіз. Болашақ чемпион сізге қанша жасында келді? – Елдос балам маған бес жасында келді. Бір жылдан соң чемпион болды. Тоғыз жылда талай асуды алды. Мені әке деп атайды. Баламның жеңісі үшін қатты қуаныштымын. Елдос жаттығу залында тер төгуден аянбайтын. Шәкіртімнің топ жарғаны үшін өте қуаныштымын!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».