Жамбыл өңірінде үшінші үшем дүниеге келді

60

1441281944_0z6a8197Биыл Жамбыл өңірінде осымен үшінші үшем дүние есігін ашты. Тараз қаласының тұрғыны 35 жасар Айсұлу Бейсекулова 2015 жылдың тамыз айының 28-күні өмірге үшем әкелді.  Кішкентай шақалақтардың есімдері — Нұрсұлтан, Бексұлтан және Айсұлтан,-деп хабарлайды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жүктіліктің 34 аптасында операциялық жолмен туылған үш баланың салмақтары бірдей, әрқайсысы — 2,462 келі.  «Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Себебі, жалпы стандарт талаптары осы көрсеткішке сай келіп тұр. Көбіне, егіздердің салмағы мұндай деңгейге жетпей туылады», —  дейді облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Ғалима Төлепбергенова.
Үшемнің әкесі Нұрлан Бейсекулов Тараз қалалық коммуналдық қызметтерге  есеп айырысу орталығында бөлім басшысы. Осыған дейін 3 балалы отбасына қосылатын 3 сәбидің анасы Айсұлу Бейсекулова — жұмыссыз, үй шаруашылығымен  айналысады.
Жүктіліктің 12-ші аптасында Айсұлу Бейсекулова  тұрғылықты мекен-жайы бойынша №6 қалалық емханаға тіркеліп, үнемі дәрігерлердің бақылуында болған, соның арқасында ешқандай асынусыз дүниеге дені сау сәбилерді  әкелді.
Қазіргі уақытта сәбилердің анасы мен бүлдіршіндерінің жағдайы жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, балаларды күту бойынша тиісті шаралар толығымен орындалуда.
Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бері 4 мың 868 сәби дүние есігін ашқан. Оның 69-ы егіздер. Жалпы, облыс бойынша ағымдағы жылдың бүгінгі күніне дейін 17 мың 799 нәресте туылған.
Қазір нәрестелер анасымен бірге облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлердің жіті бақылауында.

«ZhambylNews» АА

Comments are closed.