Айдын Айымбетов ғарышқа аттанды
Айдын Айымбетов ғарышқа аттанды
«Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі бар «Союз-ФГ» зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин алаңынан сәтті ұшырылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Халықаралық ғарыш стансасына аттанған негізгі экипаж құрамында ресейлік ғарышкер Сергей Волков (командир), Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсен мен Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов бар.
Ғарыш кемесі стансамен 4 қыркүйек күні түйіседі деп жоспарлануда.
ХСҒ-да оларды ресейліктер Геннадий Падалка, Михаил Корниенко мен Олег Кононенко, америкалық астронавтар Скотт Келли мен Челл Линдгрен, сондай-ақ жапон астронавты Кимия Юи қарсы алады.
Кеме командирі Сергей Волков орбитада 188 тәулігін өткізсе, отандасымыз бен даниялық ғарышкер ғарышта 10 күн болады.
Естеріңізге салып өтсек, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Айдын Айымбетовке Қазақстанның Мемлекеттік туын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЭКСПО-2017» жалауын тапсырып, ғарышқа аттанатын экипаж мүшелеріне сәттілік тілеген еді.
Айта кетсек, орбитада отандасымыз қазақстандық ғылым үшін бірқатар сынақ жүргізеді, соның ішінде радиацияның миға әсерін зерттейді.