Құқық

Ата Заң – татулықтың кепілі

Ата Заң – татулықтың кепілі

Бұл күнде мемлекеттік саясаттың беріктігі мен ашықтығы нәтижесінде еліміздегі өзге ұлт өкілдері бейбіт күннің аясында тату-тәтті тұрмыс кешуде. Өйткені, Қазақстан Республикасының Конституциясында айқын көрсетілгендей, барлық азаматтардың құқығы бірдей. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын және этносаралық қатынастардың жағдайын анықтау барысында жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы осыны көрсетеді. Зерттеу нәтижелері «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өткен басқосуда мәлім болды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ашып жүргізіп отырған жиында «Инновациялық ресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанар Сакадиева мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын анықтау барысында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы жөнінде, ал аталмыш серіктестіктің жобалар бойынша бас менеджері Эльмира Хасенова этносаралық қатынас жағдайын анықтау барысында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша сараптамалық баяндама жасады. Тараз мемлекеттік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова этносаралық қатынастар мәселелерін шешу жолдарын сөз етсе, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту бөлімінің бас инспекторы Аслан Оразбеков мемлекеттік қызмет көрсетуде кеткен кемшіліктер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқыға салды. Жиында қаржы саясатына қатысты мемлекетімізде қабылданған жаңа экономикалық саясат туралы да сөз болып, теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі әлеуметтік салаға еш салмақ түсірмейтіні айтылды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».