- Advertisement -

«Астана» айды аспанға шығарды

139

- Advertisement -

Тұңғыш рет Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен «Астана» футбол клубы «С» тобында португалиялық «Бенфика», испаниялық «Атлетико», түркиялық «Галатасарай» командаларымен сынға түседі

gpypjknmg3qАлаш футболының айы оңынан туды. Бұған дейінгі жылдары іріктеу сындарынан әріге аса алмай жүрген қазақ клубтарының арасынан «Астана» футбол клубы тарихтың жаңа парақтарын айқара ашып, Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Кипрдің «АПОЭЛ» футбол клубын плей-офф кезеңіндегі қос матчтың нәтижесі бойынша елордалық ұжым кәрі құрлықтың басты додасынан сырт қалдырды. Алғашында Бауыржан Жолшиевтің голының арқасында «Астана-Арена» стадионында мерейі тасыған қазақ командасы қарымта кездесуде қарсыластарымен тең ойнап, айды аспанға шығарды (1:1). Бұл кездесуде де Жолшиев жасындай жарқырап, Максимовичке тамаша пас шығарғанын айта кетейік.
Иә, кәрі құрлықтың дуы басым додасында мемлекетіміздің абыройын аспандатқан «Астана» командасының топтық кезеңдегі қарсыластары анықталды. Жеребе тарту рәсімінде белгілі болғандай, елордалық ұжым енді испаниялық «Атлетико», португалиялық «Бенфика», түркиялық «Галатасарай» секілді танымал клубтармен жасыл алаңда доп тебеді. Топтық кезеңге жолдама алып, 14 миллион еуроны қалтаға салған жерлестеріміз әлі де кәрі құрлық командаларына сес көрсететініне сенім мол. Бұл топтың басты фавориті бір маусым бұрын чемпиондар лигасының финалына шыққан «Атлетико» саналса, «Астана» – аутсайдерлер қатарында. Дегенмен, елордалық ұжым өз тобында үшінші орынға жайғасса, Еуропа лигасына жолдама алатынын да айта кетейік.
Айтпақшы, Еуропа лигасында бақ сынаған Алматының «Қайраты» өз алаңында француздардың «Бордосын» 2:1 есебімен жеңгеніне қарамастан, сырт алаңдағы гол есебінен «Бордоға» жол берді. Алайда, «Қайрат» осы кезеңге дейін өткізген сегіз кездесудің бесеуінде қарсыластарынан басым түсіп, бір ойында ұпай бөліскенін айта кеткен ләзім. Тек екі кездесуде ғана қарсыластарына жол берген алматылық ұжым да УЕФА рейтингіндегі еліміздің көрсеткішінің еселенуіне сүбелі үлес қосты.
Сонымен бұл маусым қазақ командалары үшін табысты болды. Рекордтық ұпайға қол жеткіздік. Қазіргі кезде 13, 125 ұпайды еншілеген біздің ел рейтингте жиырма жетінші орында тұр. Бізден 0,500 ұпай артық жинаған әзірбайжандықтар жиырма алтыншы орында келеді. Әзірбайжан елінен «Карабах» пен «Габала» командалары Еуропа лигасында ұпайларын еселеуге тырысса, біздің «Астанамыз» да сол мақсатта жасыл алаңға беттемек. Ендеше, толайым табыстар мен жеңістерге бірге куә болайық!

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support