Қазаншұңқыр көрсе, күл-қоқысын әкеліп төгу
Қазаншұңқыр көрсе, күл-қоқысын әкеліп төгу
қалалықтардың «әдетіне» айналып барады...
Шынында да мұндай әрекетке әзірге тыйым болмай тұр. Жеке сектор тұрғындарының күл-қоқыстарын, құрылыс қалдықтарын әкеліп төгіп, көп қабатты үйлер маңына қойылған контейнерлердің аузы-мұрнынан шығарып, қоқыс орны маңына да тау-төбе етіп үйіп кетіп жатыр. Бұл – қоқыс шығарушылар үшін қосымша жұмыс. Олар контейнерлердің өзін тазалап үлгермей жатқан жоқ па? Үй, аулаларындағы қоқыстарын қайда апарарын білмей отырған тараздықтар қазаншұңқыр көрсе болды, «әжеттеріне» жарата қоятын әдет тапты. Бұл, әрине, олардың әлі де мәдениеттерінің кемшіндігін көрсетеді. Ондайлар Қойбақов көшесінің бас жағындағы «Жастар сарайы» іргесіндегі не мақсатпен қазылғаны беймағлұм, біраздан беті ашық жатқан қазаншұңқырды да қоқыс орнына айналдыра бастапты. Тиісті мекемелер тарапынан басына «Бұл жерге қоқыс төгуге тыйым салынады» деген белгі қойылып, айыппұл салынып, бұл іске бақылау жасалмаған соң еркінси ме екен? Бүгінде қаламыздың осы бір аумағы жылу құбырларын жаңалау мақсатымен қазылып, ойқы-шойқы болып жатқандықтан, жоғарыда аталған «қоқыс орны» аса елене де қоймас. Жылу жүйесінің ауыстырылуы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланар күнге дейін бітер деген ойдамыз. Ал әлгі қоқысқа толы қазаншұңқырдың (мұндай жер қаламызда біреу ғана емес шығар) жайын кім ойлар екен? Бұл қала келбетіне де сын. Ертеңгі күні «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп жүрмейік. Қалай болғанда да жекеменшік секторлардан қоқыс шығарылу жайы тәртіпке келтіріліп, реттелуі керек сияқты.
Барат Мыңбосынов, Тараз қаласының тұрғыны.