Әлеумет

Жастарға құрылған тұзақ

Жастарға құрылған тұзақ

Жасөспірім шақ – адам өміріндегі ең бір құбылмалы, ауытқымалы кезең. Жас шыбықты қалай исең солай майысатыны  секілді, осы жастағы жеткіншектің де әрнеге әуестігі, еліктеушілігі  басымдау, жаман һәм жақсы нәрсені болсын бойына тез қабылдайды. Бабаларымыз «баланы жастан...» тәрбиелеу керектігін жайдан-жай айтпаған ғой. Біз де жас ұрпағымыздың қоғамымыздың маңызды буындарында өздерінің өмірге, еңбекке белсенділігін танытып, жұлдызша жарқырай көрінсе дейміз.

Дегенмен, нақты өмірде олай емес. Жеткіншектердің бірқатарының тәртібі, тәрбиесі жағымсыздау ортаға тап болып, аяғын шалыс басып жатқаны жасырын емес. Олардың мектеп қабырғасынан бастап-ақ темекі тарту, насыбай ату секілді зиянды дағдыларға бой алдырып жатқанына қынжыласың. «Жаман әдет жұққыш» қой, мұны тіпті жастарға құрылған тұзақ деп те білеміз. Олар жаман ортаға қалай тап болғандарын өздері де білмей қалады. Біз, үлкендер жағы оларға дұрыс тәрбие беріп, дер кезінде ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар берсек, олар мұндай қате қадамға бармас еді. Сондықтан да бұл үшін  жастарды кінәлай бермей, өзіміздің бала тәрбиесіне селқостықпен қарайтынымызды мойындауымыз керек. Шылымқорлық пен уытқұмарлықтың адам ағзасына қаншалықты зияны барын жастарға күнде айтып, түсіндіруден еш жалықпауға тиіспіз. Міне, сонда ғана қоғамымызға, өз ұрпағымыздың салауаттылықпен дамып, жетілуіне өзіндік үлесімізді қосқан болып саналамыз.

Канал БЕРДЕНОВ, зейнеткер. Тараз қаласы.