Әлеумет

Адамның күні - адаммен...

Адамның күні - адаммен...

Бір кездері Таразда тұрғанмын. Күйеуім қайтыс болғаннан кейін Алматыда үйді жалға алып тұрып, жұмыс істеп, жас балаларымды асырап жетілдірдім. Олардың бірі – 18, екіншісі 20 жаста. Үлкені жаңадан жұмысқа орналасты. Өзім жиі сырқаттанып қала бердім де,  күн райы қолайлылау ғой деп Жуалыға қоныс аударып, шаруа қожалығының бірінде сауыншы болып жұмыс істеп жүрген едім.  Ойда жоқта инсульт алдым.  Қожалық басшысының көмегімен сол күні-ақ, облыстық ауруханаға жеткізілдім. Дәрігерлер  тиісті ем-домдарын жасады. Бәрібір сол жақ қол-аяғым жансызданып, илікпей қалды. Біреулердің сүйемелдеуінсіз өздігімнен жүре алмаймын.  Ауруханадан шыққаннан соң, барар жерім болмағандықтан, Тараз қалалық белгілі бір тұрағы жоқ  азаматтарға арналған әлеуметтік  бейімдеу орталығының қамқорлығына алындым. Осында келгелі жаман болған жоқпын.  Денсаулық жағдайым бастапқыдағыдан әлдеқайда жақсы. Жылы қарсы алып, қолдарынан келгенінше қамқорлық жасап, күтім көрсеткендері үшін мекеме басшысы Ержан Аманбаевқа, оның орынбасары Бегайдар Қырықбаевқа, психолог Ботагөз Қалқабаеваға, аға медбике Тұрсынбике Бәкіроваға, еңбекке баулу нұсқаушысы Рахат Исатаеваға айтар алғысым шексіз. Олар өмірден түңіліп келгенімде, ертеңге деген сенімімді нығайтып, өзіме екінші өмір сыйлағандай болды. Мекеме басшылығы мүгедектікке құжатымды рәсімдеп беруді де мойындарына алып отыр.  Әлі қырық үш жаста ғанамын ғой. Балаларыма керекпін әлі.  Тиісті ем-домымды алып, аяғыма тұрып, өздігімнен жүре алар жағдайға жетемін деген ойдамын. Ондай күн туатынына,  қолымнан келгенінше өздігімнен жұмыс істеп, қаражат табатыныма сенімдімін. Бұл да бір Алланың сынағы болар. Бәрінен де жақсы адамдардың жаныңда көп болғанына не жетер!

Гүлсім ОСПАНҚҰЛОВА. Жуалы ауданы.