Экономика

Отандық экономиканы қолдау

Отандық экономиканы қолдау

АралбековаҚазақстан – әлем саясаты мен экономикасында өзіндік орны бар мемлекет. Сондықтан  әлемдік дағдарыстың біздің елімізді айналып өтуі мүмкін емес еді. Қазіргі жағдай кім-кімге де оңай тиіп отырған жоқ. Доллар бағасының құбылмалы жағдайы қарапайым халықты былай қойғанда, кәсіпкер қауымның көңілін біраз күпті еткені шындық. Себебі, дәл осындай қиын-қыстау шақта Үкіметпен қатар жеке кәсіпкерлердің иығына да зор жауапкершілік артылды. Өйткені, теңге бағамын еркін айналымға жіберілуіне түрткі болған бір себеп осы кәсіпкерлерге таянған тығырықтан шығару еді. Әрине, уақыт талабынан туған мәжбүрлі шешім – осы. Теңге бағамының төмендеуі отандық тауар өндірушілердің, әсіресе экспортқа тауар шығаратындардың  бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, қосымша түсім алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жұмыс орындары сақталады. Қалай да, ішкі өндірістің қысқаруына, жұмыс орындарының азаюына жол бермеу керек. Міне, сол себепті де Қазақстан жаңа экономикалық саясатқа жедел көшуге мәжбүр болды. Шын мәнінде, Қазақстанда болып жатқан жағдай әлемдік экономикадағы ахуалдың күрделілігін көрсетеді. Бұл – біздің геосаяси кеңістігімізбен байланысты проблема. Объективті, субъективті себептерге байланысты қиындық туған кезде халыққа белді бекем буыңдар деп айтуға тура келді. Бұл – экономикамызды тығырықтан шығарудың бірден-бір жолы. Қандай да бір қиындық болмасын, бәрі өтпелі. Бұл күрделі кезеңде де халқымыз сабырлылық сақтап, ауызбіршілік танытатынына сенім мол.

Қарлығаш Аралбекова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры. Тараз.