Экспортқа жол ашады
Экспортқа жол ашады
Ертеңгі жағдайдың қандай боларын ешкім білмейді. Оған болжам жасап, бас қатырудың өзі артық. Себебі, қиындықты жеңудің бір ғана жолы бар. Ол – еңбек. Біздің Құмарық ауылының маңындағы «Биғаш» учаскесінен 20 қора-жай салып, жер астынан су шығарып, 4 000 гектар жерді суландырғанымыздан жұрт хабардар болар. Сол кезде екінші деңгейдегі банктерден алынған 710 миллион теңгенің үстеме пайызын Үкімет өзі субсидиялады. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмек. Мемлекеттің қолдауының арқасында біз көптеген жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Соның арқасында өндірген өнімдеріміз экспортқа шығарыла бастады. Мәселен, құны 3 миллиард 400 миллион теңге болатын бордақылау кешені жылына 2 100 тонна ет өндіріп, барлығын экспортқа шығарады. Ал теңге бағамын тұрақты ұстап тұру қазақстандық экспорт үшін қолайсыз жағдайлар қалыптастырды. Бұл өз кезегінде өндіріс орындарын шығынға батыруы мүмкін еді. Жалпы, кешеннің іске қосылғаны, әсіресе ауыл тұрғындарына зор демеу болды. Мұнда бүгінде 150 адам жұмыс істеп, табыс тауып отыр. Келешекте өндіріс көлемі артса, жұмыс орнын да көбейте түсеміз. Елімізде мал бордақылайтын, талпақтанау өсіретін, егістікпен айналысатын шаруашылықтар жетіп артылады. Ал заманауи, бұрын-соңды болмаған ерекше кешен, яғни қалдықсыз технологиямен жұмыс істейтін биогаз өндіретін зауыт еліміздің өзге аймағында жоқ. Зауытымыз облыстық бюджетке жылына 400 миллион теңгеден аса кіріс түсіреді. Ал мұнда жұмыс істеп жатқан жұмысшыларымыз айына 100 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Оларға тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалып отыр. Келешекте бұдан өзге де жүзеге асыратын жобаларымыз жетерлік. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көп көмек көрсетілуде. Енді біз осындай қиын кезеңде соны тиімді пайдаланып, халыққа жұмыс тауып беруіміз керек. Бір жағынан өндіріс көлемін арттыратындай, екінші жағынан бюджеттің де бүйірін томпайтатындай жолды таңдағанымыз дұрыс. Қазіргі теңгенің еркін айналымға жіберілгені бізге ешқандай кедергі келтірмейді. Кәсіпкерлер қиындықпен күресуге дайын.
Халит Базаралиев, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Т. Рысқұлов ауданы.