«Бәйтеректегі» сәбилер қуанышқа кенелді
«Бәйтеректегі» сәбилер қуанышқа кенелді
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы мерейлі мерекесі қарсаңында Тараз қаласындағы «Бәйтерек» мөлтек ауданында 280 балаға арналған «Еркеназ» балабақшасы пайдалануға берілді. Республикалық «Балапан» бағдарламасының аясында салынған, сәулет өнерінің заманауи талаптарына сай келетін еңселі әрі сәнді ғимараттың ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров, облыстық және қалалық білім саласының басшылары, балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары қатысты. Рәсім барысында балабақша ғимаратын салған «Арайстроймаркет – 2003» ЖШС-ның басшысы Мұратбек Есібаев балабақша меңгерушісі Мира Жусуповаға символикалық кілтті салтанатты түрде тапсырды. Жалпы, соңғы жылдары мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшалармен толық қамту жөніндегі мемлекет ұстанымына сәйкес өңірдегі балабақшалар саны жылдан-жылға артып келеді. Соның нақтылы айғағы ретінде, бүгінгі таңда, облыстағы 411 мектепке дейінгі білім мекемесінде 44352 бүлдіршіннің тәрбиеленіп жатқандығын, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында – 51,2, ал 3-6 жас аралығында 70,7 пайызды құрап отырғандығын айтсақ та жеткілікті. Олардың қатарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жұмыс істейтін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны да баршылық. Алдын ала жасалған жоспар бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін жаңа құрылыс есебінен 1260 балаға арналған 5 және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 570 орындық 4 балабақша ашылады деп күтілген. Соның бірі – «Арайстроймаркет – 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізген, жобалық-сметалық құны 472,9 миллион теңге тұратын «Еркеназ» балабақшасы мереке қарсаңында 280 бүлдіршінге есігін айқара ашып, «Бәйтерек» мөлтек ауданының тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Балабақшаның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары осы аталған жайларға тоқтала келіп, қазіргі қалыптасып отырған қаржы-экономикалық күрделі жағдайға қарамастан, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолға алынған әлеуметтік мәні бар нысандардың құрылысы одан әрі жүргізіле беретіндігін, облыс халқының үштен бірі шоғырланған Тараз қаласының «Арай» тұрғын үй алқабында алдағы уақытта 280 орындық тағы бір балабақша ғимаратының пайдалануға берілетіндігін атап айтты. Балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары атынан бес ұл-тәрбиелеп өсіріп, олардан 13 немере сүйіп отырған қарт ана Бақыт Ұлданбетова сөз алып, Елбасының және мемлекеттің қамқорлығының арқасында, бұған дейін қаланың өзге аумақтарындағы «Інжу», «Талбесік» сияқты балабақшаларға балаларын тасып апарып, әуре-сарсаңға түскен мөлтек аудан тұрғындарының «Еркеназ» балабақшасының ашылғандығына байланысты ол қиындықтан құтылғандығын, олардың облыс және қала басшыларына айтар алғысы шексіздігін және жаңа балабақша ұжымы еңбегінің жемісті болуына тілектес екендіктерін жеткізді. Балабақша ғимаратының лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен балабақша меңгерушісі Мира Жусупова қиды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Тараз.